Франция сән әлемінің ерекше белгісіне айналған Юбер де Живанши 91 жасында қайтыс болды

Көптеген жылдар бойы Одри Хепбернмен бірге Гиннес, Грималди отбасыларына киім жобалаған француз мода шебері Живанши 10 наурыз сенбі күні ұйықтап жатқан жерінде қайтыс болды.

Живанши үшін отбасы мен ең жақын достары қатысатын жаназа рәсімі ұйымдастырылады.

Францияда 1927 жылы дүниеге келген Живанши 1952 жылы Парижде алңашқы сән үйін ашты. Ол сол тұстағы АҚШ-тың бірінші ханымы болған Жаклин Кеннеди және актриса Одри Хепберн сынды танымал тұлғалардың киімдерін өз қолымен тігіп отырған. Әсіресе «Тиффанидегі таңғы ас» фильмінің бас кейіпкерін сомдаған Одри Хепбернге тіккен қара көйлек әлемде сәнге айналды.

Сәнгердің атақты клиенттері қатарында – Жаклин Кеннеди, Ингрид Бергман, Мария Каллас, Марлен Дитрих, Грета Гарбо, Грейс Келли, Диана Вриланд және көптеген басқа да танымал кісілер болатын.

Живанши 1957 жылы Одри Хепберн үшін әтір өндіріп, әтір нарығына да кірді.