Өзбекстан республикасында Абай шығармашылығы жаппай оқылатын болды. Ел президенті Шафкат Мирзиёев 2018 жылдың 13 наурызында қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы Өзбекстан президентінің ресми сайты хабарлады.
Қаулыға сәйкес, ұлы ақын және ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын кеңінен зерттеу мен насихаттау бойынша ұйымдастыру комитетінің құрамын бекіту жоспарлануда. Сондай-ақ, ұйымдастыру комитетіне бір айлық мерзімде шаралар тізімінің жоспарын әзірлеу тапсырылды.

Сонымен бірге, құжатта «Сайланма» атауымен Абайдың таңдамалы шығармаларын және «Өзбек-қазақ әдеби байланыстары» әдеби-сараптамалық мақалалар жинағын әзірлеп, баспаға беру ұсынылған.

Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Абай және өзбек әдебиеті» көрмесін тұрақты түрде ұйымдастыру және жыл сайын 10 тамызда - Абайдың туған күнінде Ташкенттегі ақын ескерткіші жанында салтанатты шаралар өткізу, оқушылар мен студенттер арасында «Абай шығармаларының білгірі» шығармалар байқауын ұйымдастыру ұсынылып отыр.

Одан бөлек, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мақалалар мен теле, радиоматериалдар әзірлеу, оқу орындарындағы мектептерде, әскери бөлімдер мен ұжымдарда тақырыптық кештер өткізу қарастырылған.