Қазақстандағы Қытай елшілігі Астана қаласындағы «Пекин палас» қонақ үйінде ұлыстың ұлы күні наурызды атап өтті.
Наурыз кешінде Қытай және Қазақстан жұлдыздары өнер көрсетті.

Мерекелік дастарханға Қытай диаспоралары, Қазақстандағы қоғамдық, мәдени саланың белсенді өкілдері, Ұйғыр мәдениет орталығы, Донгандар ассоциациясы сынды мұғажырлар ұйымдары, ҚР-дағы Қытай кәсіпорындарын өкілдері мен ҚХР-нан ҚР-на көшіп келіп бизнес пен білім, әдебиет пен мәдениет, медиа салаларында жемісті еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер қатысты.

Қазақстандықтарды, кешке қатысқан қонақтарды наурыз мерекесімен құттықтаған ҚХР-ның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Ханьхуэй Қытайдың экономикалық, басқа да әлеуетін алға тарта келе, шараға қатысып отырғандардың екі мемлекет қатынасының баянды дамуына қосқан үлестерін лайықты бағалап, Қытайдың да, Қазақстанның да жаһандық байланысының қоюлап келе жатқандығын, Қытай-Қазақстан ара қалыптасқан тағдырластық қатынас әлпетінің екі ел халқының түбегейлі мүддесіне сай келетіндігін, екі ел достығының тамыры тереңде жатқанын тілге тиек етті.
«Біз Қазақстанды адал досымыз, сенімді серіктесіміз, маңызды көршіміз деп санаймыз. Күні кеше ғана Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты, Қазақстан халқын наурыз мерекесімен арнайы құттықтады. Мемлекет басшыларының бір-біріне деген ілтипаты, терең достығы екі ел дамуының негізі әрі бастуы деп білемін. Біз Қазақстан Үкіметін, оның ішкі, сыртқы саясатын қолдаймыз. Екі елдің достық, мәдени, саяси қарым-қатынасы ежелден жақсы» деді Бас елші.