Мен айтыс туралы пікір айтпаған ғалымды көрмедім. Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтердің барлығы айтысқа бір соқпай кетпейтін. Өйткені, қазақ әдебиетінде айтыстың орнын ерекшелеп көрсетеді. Ол кезде әр айтыс өткеннен кейін, айтыстан кейінгі айтыс деген болатын. Қазір ондай мүлдем жоқ.

Шалқар радиосы «Айтыстың ақтаңгері» бағдарламасының қонағы – айтыскер ақын Балғынбек Имашев қазір айтыстың халыққа таруы мен дәріптелуі төмен деңгейге екендігін тілге тиек етті.

«Бұрын айтыс өткеннен кейін республикадағы белді қадау-қадау газет-журналдарда міндетті түрде айтыс туралы мақала жүретін. Қазір ондай мақалалар жоқ. Айтыс өткен өтпегенін ешкім білмейді. Ол кезде бір екі республикалық арналар ғана бар еді. Қазір қаптаған арналардан кім не көріп жатқанын білмейсің. Біз бұрын бір айтыстан бүкіл республикаға танымал болып кететінбез. Ал қазір жалындаған жастарды халық танымайды. Айтыстың бұрынғыдай пәрменділігі азайды ма, жоқ шынымен де айтысқа адамдар тек бір табыстың көзі, кім қанша алды, қандай жүлделерді тігілді деген қызығушылықпен ғана қарайтын болғаннан ба, білмеймін. Әр айтыс өткеннен кейін мақала жазбаяқ қояйық. Бірақ, қазақ радиоларынан, телевидениядан талдау хабарлар ашылса, нұр үстіне нұр болатын еді. Айтыстың ары қарай дамуына үлкен септігі тиетін шаруа болатын еді».