"Бармысың, бауырым?" хабары Саятов Асқар Ахатұлына іздеу салады. Ол  1962 жылы  Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауданының туған. Асқардың мамандығы стоматолог. Ауданда бірнеше жыл тіс дәрігері болып жұмыс істеген. Ақкөңіл, қолы ашық адам.

Тағдыр тәлкегімен бір-бірінен көз жазып қалғандарды табыстыру - Қазақ радиосындағы "Бармысың, бауырым?" хабарының басты мақсаты. Әр хабар сайын жақынынан көз жазып қалған кейіпкерлердің оқиғасы тақырыпқа арқау болады. Соның бірі Саятовтар отбасында болған жағдай.

Осыдан 24 жыл бұрын жоғалған інісін іздеп хат жазған Саятова Алмагуль Ахатқызы: "інім Саятов Асқар Ахатұлы- Алматы облысы, Ұзынағаш ауданы, Түркістан өңірі немесе Қырғызстан жақта болу мүмкін" деп жорамалдайды. Асқардың іздеушісі, туған -туысы өте көп жəне олар 24 жыл өтсе де, оны əлі күнге дейін іздеп, күтіп жүр. Сіздерге бұл замандасымыздың есімі таныс болса, көмек көрсетіңіздер, хабарласыңыздар.

Саятов Асқар Ахатұлының туыстарының айтуынша, шамамен 1993 жылы «Менің басым ауырады, мен жұмысқа бара алмаймын»- деп, тысқа шығудан қалған. Құран кітабын оқып, үйден шықпай отыра беретін күйге түскен соң, туысқандары Алматыға  психиатриялық ауруханаға апармақ болады. Оған Асқар қарсылық білдіріп, "Жоқ, мені, емшіге апарыңдаршы" деп өтінеді.  Содан туыстары 1994 жылдың мамырында Асқарды ертіп, Ұзынағаштың қасында Қарақастек деген жерге барады.  Дем салып, қамшымен емдейтін  Дәуітәлі деген  емші атаға жолығады. Асқар емшінің үйінде екі рет туысқанымен бірге барып емделеді. Емнен ешқандай нəтиже болмаса да, 1994 жылдың 2 маусымында Асқар тағы да емшіге барады да, бұл жолы  емшінің үйінде өзі жалғыз қалады. Ертеңінде, яғни, 3 маусым таңертең туыстары келгенде, Асқар жоқ болып шығады. Емшіден сұрағанда: «Есіктің бәрі жабық тұрған. Ол терезеден құс болып ұшып кетті...» деген жауап алады. Қарақастек деген жер, таулы жерді толық іздеп шығып, туыстары Асқарды таба алмаған. Жоғалған күні Ұзынағаш ауданына барып аудандық полиция учаскесіне де өтініш жазылған. 

Саятов Асқар Ахатұлын көрген жандар болса, 7(7172)75-72-75 нөмірі арқылы хабарласуларына болады және қосымша ақпарат алу үшін: ? 87075355383 нөміріне қоңыру шалсаңыздар. 

Айта кетерлігі, "Бармысың, бауырым?" бағдарламасының уақыты өзгерді. Осы аптадан бастап хабар əр сəрсенбі 11:10- да, тікелей эфирде өтеді.

Əр шаңырақта Қазақ радиосы қосулы болсын!  Жақыныңыз жаныңыздан табылсын!