Абай атамыз: «Бала дүниеге келген кезде екі түрлі мінезбен туады. Біріншісі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұл тәннің құмарлықтары. Екіншісі – көрсем, білсем деп туады. Бұл жанның құмарлықтары. Егер, сіз ішсем, жесем ұйықтамасамды бермесеңіз тәніңіз ауруға ұшырайды. Егер көрсем, білсемді бермесеңіз жаныңыз ауруға ұшырайды. Осы екеуін қосқан кезде денсаулық шығады – дейді филология ғылымдарының кандидаты, Абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлы Шалқар радиосы «Өнегелі отбасы» бағдарламасына берген сұхбатында.

«Ден – барлығы деген сөз. Мысалы, осы аудиторияда отырғандардың дені қыздар деген сияқты. Бізде басқа көзқарас қалыптасқан. Денсаулық деген кезде біздің дәрігерлеріміз тек адамның тәнін ғана ойлайды да, жанын ұмытып кетеді. Ал, қазақтың өз тілі айтып отыр. Егер, адам психологиялық ауытқуға ұшыраса: «Мына адамның дені дұрыс емес» - дейді. Немесе бір адам ақылға келмейтін дүние айтса, қазақ: «Денің сау ма?» - деп айтады. Денсаулық дегеніміз – жан мен тәннің саулығы».