Жамбыл облысы аумағында орналасқан "Ежелгі Тараз ескерткіштері" қорық-музейінің қарамағындағы "Ақыртас" сарай кешенінде ҚР Президенті  Н. Назарбаевтың "Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясындағы туризмді дамыту мəселелері бойынша БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы басталды.

Конференция барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Жамбыл облысының əкімдігі мен "Қазақстан теміржолы" Ұлттық компаниясы" АҚ арасында үш жақты меморандумға қол қойылды.

Жиында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне және Қазақстанның жалпы ұлттық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне енген "Ақыртас" кешенін және осы өңірдегі өзге де тарихи-мəдени мұра нысандарын туристік орталыққа айналдыру мәселесі талқыланып жатыр. 

Ақыртас— Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VIII-IX ғасырларда салынған. Ақыртас соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Тараз қаласының шығысында 40 км жерде, Ақшолақ теміржол стансысынан 6 км оңтүстікте орналасқан. Қазіргі кезде онда археологиялық жұмыстар жүргізілуде.

"Ақыртас" кешенінде "Ежелгі Тараз ескерткіштері" қорық-музейінің жылжымалы "Рухани жаңғыруға 1 жыл" атты көрме ұйымдастырылды.

Онда Жамбыл облысы аумағындағы тарихи орындарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер қойылған.