Серік Абдуалиев | Қазақ Радиосы / Казрадио / Kazradio / Qazradio
Серік Абдуалиев

Серік Абдуалиев

Мен, Абдуалиев Серік Бегалыұлы , 1972 жылғы 18-қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек /бұрынғы Алғабас / ауданына қарасты XXII партия съезі атындағы кеңшарда педагогтар отбасында дүниеге келдім.
1979 жылы совхоздың шалғай шаруашылығы - Қызыл арық ауылындағы «Сарыбұлақ» орталау мектебінің табалдырығын аттадым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің жілігін шағып, майын ішкен майталман маман әкем - Бегалы Әбдуәліұлы осы оқу ошағының директоры, ал анам - Қыздығой Қалдыбекқызы математика пәні және бастауыш сыныптардың мұғалимасы еді. 1986 жылы ерен еңбегі еленген әкем совхоз орталығындағы Саттар Ерубаев атындағы орта мектеп-интернаттың директоры болып жаңа қызметке ауысқан соң, мен осы мектептің 8-сыныбына ауыстым. «8 жылдықты» үздік, ал орта мектепті 1989 жылы «күміс медальмен» тәмамдадым. 1988-89 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша өткен аудандық, облыстық және республикалық олимпиадалардың бас жүлдесін иеленіп, жеңімпаз атандым.
1989 жылы арман қуып, Алатау бөктеріндегі ару Алматыға аттандым. Сол жылдары С.М.Киров, кейін әл-Фарабидің есімі берілген еліміздегі ең іргелі оқу ордасы - Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. 1994 жылы оны ойдағыдай аяқтап, Оңтүстік Қазақстан облыстық телерадиокомпаниясына редактор болып жұмысқа қабылдандым. 1995-1996 жылдары «Хабар» агенттігінің осы өңірдегі тілшісі міндетін қоса атқардым. Облыстық арнада жаңа айдармен ашылған «Көңілашар күйсандығы», «Ғажайып қоржын», «Үкілім-ай» атты авторлық бағдарламаларым арқылы патша көңілді көрермен қауымға етене таныла бастадым. 2000 жылдан «Қазақстан» ұлттық арнасының ОҚО-дағы меншікті тілшісі болып еңбек еттім. 2006 жылдан «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, 2007 жылдың қаңтар айынан «Хабардың» Өзбекстан Республикасындағы меншікті тілшісі болдым. 2013 жылғы қазан айынан бастап «24 KZ» телеарнасының жауапты шығарушы редакторы, 2015 жылғы 8 сәуірден «24 KZ» арнасының жаңалықтар қызметінде продюсер қызметін атқардым. 2018 жылдың 11-сәуірінен «Хабар 24» арнасының бас редакторы болдым. Ал , 2018 жылдың 18-мамырынан бастап ғасырға жуық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ - Қазақ радиосының директоры қызметіне белсене кірістім.
Отбасылық жағдайыма келсем, «Қазақпарат» ұлттық ақпарат агенттігінде жауапты шығарушы редактор болып қызмет ететін жан жарым - Арғынның аруы Жанардан сүйген қошқардай қос ұлым мен қызғалдақтай қызым бар. 2013 жылдан ел ордасы - Астанада тұрамыз.