Бауыржан Момышұлынан Димашқа дейін: Ит жылы туған тұлғалар

Өткен уақыттың күнтізбесін ақтарып қарасақ, 1910, 1922, 1934, 1946, 1958, 1970, 1982, 1994, 2006, 2018 жылдар ит жылына тұспа-тұс келіп тұр. Бұдан бұрынғы тарихқа көз жіберсек, 1886 - ит жылы Алаш арыстарының белді мүшесі Жаһанша Досмұхамедұлы дүниеге келгенін білеміз. Арада бір мүшел уақыттан кейін Алаш ардақтыларының тағы бірі Темірбек Жүргенов өмір есігін ашқан. Қазақтың даңқын әлемге танытқан Бауыржан Момышұлының да өмірге келген уақыты - 1910 жыл ит жылы. Бар-жоғы 22 жасында асқан ерлігімен майдан даласында өмірден өткен Кеңес одағының батыры Ізғұтты Айтықов та 1922-ші ит жылының тумасы.
Ізғұттымен бірге, Кеңес одағының батыры атанғандардың ішінде ішінде ит жылы туғандар - Талғат Бигелдинов, Тоғанбай Қауынбаев, қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспановалар.
Қазақ руханияты мен әдебиетін алға сүйрегендердің ішінде ит жылы туған тұлғалар баршылық. Атап айтқанда, Сафуан Шаймерденов, Сырбай Мәуленов, Әзілхан Нұршайықов, Оспанхан Әубәкіров, Қалаубек Тұрсынқұлов, Ғалым Жайлыбай, Қасымхан Бегманов қатарлы танымал ақын-жазушыларды атап өтуге болады. Атақты әншілер Роза Бағланова, Нұржамал Үсенбаева мен Димаш Құдайберген де ит жылы туған. Тағы бір қызығы, ғарышқа тұңғыш көтерілген Юрий Гагарин де, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те ит жылы өмірге келгендер.
Алаш тарихын зерттеуде аса зор үлесі қосып жүрген Мәмбет Қойгелдиев, вице-премьер Ерболат Досаев та ит жылында туғандардың қатарында. Сонымен қатар, Қазақстанның атын әлемге танытқан Геннадий Головкин де биыл үшінші мүшел жасына аяқ басқалы отыр.