Айтыскерлер Бекарыс Шойбековтен неге қашады?

Сахнадағы қарсыласы Бекарыс болмаса екен деп тілейтін айтыскерлер көп.  Бұл туралы айтыскер Рүстем Қайыртай Қазақ радиосының «Біздің мейман» бағдарламасында  айтып берді.  

Рүстем Қайыртай өткен жылы ұлттық өнерді ұлықтаған 16 жобаға қатысты. Қоржынын жүлдемен толтырған ол  16 айтыстың тең жартысында жеңімпаз атанды. Бас жүлдеден бастап, бірінші, екінші орындарды жеңіп алған ақын Қызылордада өткен айтысты ерекше өткендігін атап өтті.
«Соңғы үш айтыс сахнадан жеребе бойынша жұптау өтті. Алматыға айтысқа ақындарды бір күн бұрын жұптады. Кішкене салиқалы және салмақтырақ шықсын деген ниетпен. Негізі айтыс оң жақтан бір көрермен, сол жақтан бір көрермен жеребемен шығып, ақындарды жұптайды. Алдағы уақытта да осы бағытта ұйымдастырылады деген ойдамын. Қызылордада Текей батырдың 350 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыста бір кісі Мұхтар Ниязовты, тағы бір кісі менің аты-жөнімді атады.  Кіммен айтысатынымызды білмейміз. Бәріміз анталап тұрмыз. Алдын – ала  жұптап қойса, қарсыласың туралы ақпарат жинайсың. Бірақ, арнайы бір ай дайындалсаң да, сондай айтыс шыға қоймайтын айтыс болды. Биыл осы айтыс өзімді дәлелдей алдым. Сахнада Мұхтар Ниязовпен 40 минут айтысқаным көпшіліктің де көңілінен шықты» - дейді айтыскер, ақын Рүстем Қайыртай.

Ақын ер адамдармен айтысқанды құп көреді екен. Бағдарлама барысында айтыскер оң жамбасына келетін сахна серіктерін де атап өтті. Олар: Аспанбек Шұғатаев, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Ринат Зайытов.

Ал, Бекарыс Шойбековпен айтысуға шорқақтайтытын жасырмады.

«Кез-келген қарсыласыңмен айтыса бересің. Тек дайындық жақсы болса, болғаны. Қолыңнан келмейтін ешнәрсе жоқ. Кітапханаға барасың, қарсыласың туралы ақпарат жинайсың. Қызға не айтасың? Ер азаматқа не айтасың? Барлығы дайындықпен келеді. Кез- келген ақынмен шығатын едім. Ішкі түйсігім тек Бекарыс Шойбековке жолықтырмаса екен дейді. Кез-келген ақын солай ойлайды деп ойлаймын. Шынында Бекарысты мойындау керек, ол  тапқыр ақын. Бұл енді менің Бекарыстан қорқамын деген сөзім емес. Қайта, Бекарыс ағаға деген құрметім. Сондықтан, кейде іштей Бекарыс ағаға жолықтырмаса екен деп тілеймін», - дейді ол.