Шерхан Мұртаза. Байзақ датқа мен Өгізбай датқа

Байзақ датқа мен Өгізбай датқа
Тәңіртау мен Қаратаудың арасында жатқан елді ол кезде Қоқан деген билейді екен. Қоқан хандығының қол астындағы жергілікті басшыларды датқа дейді екен.
Қазақияның Ресей билеген жағындағы жергілікті басшыларды аға сұлтан дейді екен.
Біздің Мыңбұлақтың датқасы Байзақ деген кісі болады.
Ал Қаратау жағының датқасы Өгізбай деген екен. Екеуі бақталас па, қалай...
Байзақ Қоқан хандығының шексіз зорлығы мен қорлығына шыдай алмай, қарсылық көрсете берсе керек. Қоқан басында шашы жоқ таздарға дейін салық салады екен.
Ойма тазға — он теңге.
Қырма тазға — қырық теңге...
Мал салығы, дүние-мүлік салығы, қыл аяғы «қыз салығы» деген шығыпты. Кәмелетке толар-толмас қыздарды Қоқан шабармандары зорлап алып кете беріпті.
Әне, сонда Қоқанның ханы өзінің Шымкенттегі орынбасарына пәрмен береді:
– Байзақты жазала! — деп.
Шымкенттегі орынбасар Байзақты өзі емес, Қаратау датқасы Өгізбай арқылы шақыртады. Өгізбай Байзаққа:
– Құрылтайға бірге барайық, —деп амалын тауыпты.
Байзақ сеніп қалып, Шымкентке барғанда, қоқандық жендеттер оны ұстап алып, зеңбіректің ұңғысына таңып қойып, атып жібереді.
Күл-талқан болған денеден жалғыз шынашақ саусағы ғана табылыпты. Сол саусақ Әулие — Ата күмбезінің жанына көмілген.
Өгізбай датқаны Қоқан ханы шекпен кигізіп, марапаттаса керек. Қу дүние деген сол. Күндестік, қызғаныш деген қызыл ит тіршілікте не істетпейді.
Ұрпақтар Байзақты ұмытпайды. Қазір оның атында аудан бар.
Ал Өгізбайды ешкім білмейді.
Бір кем дүние.

Қисайғанды түзету
Хрущевтің дәурені еді. Қазақстанды қақ бөліп, солтүстігін «Целинный край» деп атады. Крайком —Соколов деген. Крайкомға қарайтын Көкшетау облысын Қасым Тәукенов деген азамат басқарады.
Бір күні Қасым аэропортқа келе жатып, жол бойында қисайыңқырап тұрған бағанды көреді. Қараса, «Кокчетав» деген жазуы бар.
Қасекем шоферге:
– Тоқта! — дейді дағы, машинадан түсіп барып, әлгі бағанды ырғап -ырғап суырып алып, лақтырып тастайды.
Бұл әрекет үлкен бастықтарға жетеді. Қасым Тәукенов қызметінен босатылады.
Оның бюрода айтқан түсіндірмесі бойынша: «Кокчетав» емес, «Көкшетау» болып жазылуы керек екен.
Қазір, Құдайға шүкір, солай жазылады. Бірақ орысша болып, өзгертіліп кеткен жер-су аттары бұрынғы «Целинный крайда» әлі тұнып тұр-ау, тұнып тұр.
Бір кем дүние.
Түзететін Тәукеновтер жалғыз -жарым. Көпшілігі қорқады. Құлдық психология...
Бір кем дүние.

Отарлау озбырлығы
Басқыншылардың қорқау тәсілі — басып алған жер-судың ежелгі атын лезде өзгертіп, ел-жұрттың есінен шығарып жіберу.
Сондай мысалдың бірі — Медео.
Алматыны Верный дегенін әрең өзгерткенде, Медеу шатқалын көпке дейін түзете алмай -ақ қойдық.
Марқұм Тельман Жанұзақов «Правда» газетінің меншікті тілшісі бола салысымен ең үлкен газеттің бетінде осы оспадарсыздықты әшкереледі. Сөйтіп, Медеу қалпына келтірілді. Бұл ретте Тельман Қасым бауырының батылдығын қайталады.
Енді қазір Астанадан аттап шықсаң, айнала -төңіректе колонизатордан қалған атаулар әлі қаптап тұр.
Соның біреуі Сталин заманында АЛЖИР атанған, «Халық жауларының» әйелдері отырған мекен — аудан орталығы Малиновка.
«Не жизнь, а малина» деп тұтқындар кекетіп қойған атау.
Бір кем дүние.

Шошқа тікен
Жылт еткен жақсылық хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгі аспанындағы сирек жұлдыздардай жыламсырап әрең-әрең көрінеді.
Сонда бұл дүние, өзің бес-ақ күн қонақ болсаң, несі қызық?
Қызық ету, сірә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетін болар.
Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден.
Бірақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесін көрген шығар. Оған мойымаған, қайғыны да, мұңды да көріп-біліп жүріп бүгілмеген адамнан анандай сұрапыл да сұлу күйлер, әдемі әуендер төгілер.
Олар – Құдай сүйген құлдар.
Таланттар раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Тікені, азабы өзіне.
Талантсыз топастар тікен сияқты. Гүлдемейді…
Сүйкімсіз. Азабы өзгеге. Жамандық солардан.
Мұндайлар біздің әдебиетте бар ғой.
Бір кем дүние.

Жүген алып жүгірген бала
Ұлы Абайдың 150 жылдық тойы еді. Тойдың ең бір сүбелі тұсы ат жарыс қой. Республиканың түкпір-түкпірінен небір сәйгүліктер жиналған.
Бәйге басталды. Жарыс жолының ең арғы шетінде будка сияқты бірдеңе қараяды...
Әне, әне! Соңғы айналым. Қарагер тұлпар қара нөпірден оқ бойы озып шығып, алда келеді, жануар. Кенет тіп-тік шаншылған құйрығы сылқ етіп салбырап, дәл қалың халық отырған тұсқа жете бере Қарагер омақаса жығылды. Үстіндегі бала оның басынан аса ұшып түсіп, тез түрегелді де, аттың басындағы жүгенді сыпыра бастап еді, ауыздығы шықпай, әлгі бала тізгінді жұлқып-жұлқып әрең шығарды да, мәреге қарай тұра жүгірді. Бұл кезде оның тұсынан қылаң боз зу етіп өте шықты. Оның соңынан бала да мәреге жете бере жығылды-ау... Өзі сәл-пәл жетпеген мәреге жүгенді лақтырды. Жүген дәл мәре сызығының үстіне барып түсті. Бұл кезде қылаң боз да сызықты кесіп өтіп еді.
Артынша дүрмек қаптап кетті де, бала көрінбей қалды.
Жарыстың аяғы дауға, тіпті жанжалға айнала жаздады.
Озып келген қылаң боздың иесі мен оның жақтастары мәре сызығына лақтырылған жүгенді есепке алмау керек деп кергіді.
Зорығып құлаған Қарагердің жанашырлары мәреге жүйріктің орнына жүген барғанын ата-баба салты деген уәж айтып қасарысты.
Сөйткенше, бәйге жарыстың бас бақылаушысы микрофон арқылы, қылаң боз жарысқа сонау будканың тасасынан соңғы айналымда қосылғанын айтып, не керек, бірінші бәйге жүген лақтырған балаға берілсін деп жариялады.
Бұл кезде ерен жүйрік Қарагердің өлі денесі жол үстінде әлі теңкиіп жатыр еді.
Бір кем дүние.