Шерхан Мұртаза. Балақтан кірген аш биттер

Әзәзіл
Арақты о басында адамдар дәрі ретінде ойлап тапқан екен. Шипа болған соң, оны бір-бір тамшыдан ғана пайдаланған.
Бара-бара, келе-келе, әсіресе ормандағы халық арақты рүмкемен, стаканмен ішетін болған.
Ал арақпен ауызданбаған, қымыздан артық қызулы сусын ішпеген біздің халық, кейін-кейін, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, араққа бой алдырғаны сонша, арақты «атасының асындай» көретіндерден озып кетіп, шіркінді кесесімен ішетінді шығарған жоқ па?!
Ата-баба қанында болмаған зәһарға бой алдырғандар ажалынан бұрын баудай түсіп жатты. Көз алдымызда қаншама боздақтар, қаншама таланттар өкпе-бауырлары іріп-шіріп өлді. Олардан туған ұрпақ шалажансар мүгедектер.
«Өмір деген өмірбойы әзәзілмен арпалыс» деген екен бір данышпан.
Әзәзілдің ең үлкені — арақ!
Бір кем дүние.

Ұстаз
Оны сол кездегі Қазақстан Үкіметі сонау Ленинградта оқып жүрген жерінен, оқуын бітірткізбей Алматыға шақыртып алып, Жазушылар одағының бірінші бастығы етіп тағайындап қойып еді.
Бұл қандыбалақ 1937-ші зұлмат жыл болатын.
Ленинградтан шақыртып алып, ай-шай жоқ, лезде бастық етіп қойған азаматтың аты-жөні Мұхамеджан Қаратаев еді.
Сөйтсе, Үкіметке көсек керек екен. Жап-жас бастыққа сол кездегі қазақ әдебиетінің марқасқаларына қарсы қаралап мақала жаздыру керек екен. Оны орындамаса, Мұхамеджанның өзі атылып кетер екен.
Ақыры, соның қолымен от көсеп алып, Мұхамеджан Қаратаевтың өзін он жылға итжеккенге айдатып жіберді ғой.
Он жылдан кейін Қаратаевты айдаудан босатып, Жамбыл қаласына мұғалім етіп жібереді. Ол сонда Жамбыл қазақ орта мектебі мен педагогика училищесіне қатар сабақ беріп жүреді.
Астанамыз Алматыда тұруға рұқсат жоқ.
Бірақ бір жарым жылдан кейін КГБ тарапынан қайтадан тұтқындалып, каторгаға айдалады.
Баяғы патша заманындағы Сібірге айдалған декабристердің әйелдері сияқты, Мұхамеджан Қаратаевтың жұбайы Мархума күйеуінің соңынан итжеккенге іздеп барған ғой.
1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін, «жылымық» кезең келіп, «халық жаулары» елге қайта бастағанда, Мұқаң Алматыдағы қазақтың көркем әдебиет баспасына қатардағы редактор болып жұмысқа орналасты.
Дәл сол жылы мен де университет бітіріп, дәл сол баспаға жұмысқа келдім. Бір кездегі ұстаз бен шәкірт бір столдың басында қатар отырдық.
Бұл да бір кем дүние.

Қираған мешіт, зарлаған байғыз
Мен ес білмейтін сәби кезде ауылдағы тәп-тәуір мешітті белсенділер-құдайсыздар қиратқан.
Кейінірек, ойын баласы болған кезде, қираған мешіттің үйіндісіне барып, басқа балалармен бірге жасырынбақ ойнайтынбыз.
Сонда бір байғыз сұңқылдап, жағы талмай зарлап отырушы еді. Әсіресе кешке қарай, одан әрі түні бойы зарлап шығады.
Оның қайғы-мұңын түсінбейтіндер: «О, өз басыңа көрінгір!» – деп қарғаушы еді. Бекер қарғаған. Сөйтсе, оныкі заман зары екен ғой.
Мешіттің молдаларын зорлап, қорлап, азаптайды екен. Атылып кеткен дамолланың әруағы байғыз болып келіп, жылап отырады екен да.
1937-ші зұлмат жыл келіп, естияр, ақылы бар, қасиеті бар, иманы бар, ескіше оқуы бар пенделерді қырып ұстап әкетті, атты, айдады, тоз-тоз қылды. Бастары шабылған құр денелер қалды. Бассыздардан залымдар шықты.
Міне, біздің көріп өскеніміз.
Бір кем дүние.

Қаралы Қарасу
Кие қонған Әулие-Ата (Тараз) шаһарына қыбыла жақтан кіреберісте Қарасу дейтін бір бұлақ су ағып жатады. Не көрмеген Қарасу. Кімдер кешіп өтпеген дейсің.
Екі мың жылдық тарихы бар Тараздың күнбатыс жағында қазір жаңа мөлтек аудандар орнап, дендропарк, аэропорт салынып, қала келбетін өзгертіп жіберген.
Ал Қарасу өткеліне көпір салынып, бары-жоғы білінбей, елеусіз жатыр. Тымырайған тарих. Сол тылсым тарихты сәл-пәл қопарып жіберсең, ар жағынан қаңқа сүйектер азынап, жамырап қоя бермекші.

Жазықсыз жазаланғандар!
Жауыздарға лағнет жаудырыңдар. Жаһаннамда жатсын!
Қарасу қапасында қалғандар үндемейді. Оларды ешкім ескермейді. Олар ұмыт болған. Ақылы келте адамдар күні кешегі опат дәуірді елең де қылмайды.
Ал мұндай ортақ молалар бұрынғы СССР-да, оның ішінде әсіресе Қазақстанда өте көп. Қырғыздарда да бар екен.
Осы 2008 жылдың маусымында, сексенге қараған жасында Германия жерінде адамзаттың Айтматовы атанған жазушы Шыңғыс дүниеден өтті. Оның денесін Бішкекке әкеліп, Қырғыз Алатауының белуарында жатқан «халық жаулары» зиратының іргесіне жерледі.
Өйткені заманында Тұрар Рысқұловтың қолдауымен үлкен қызметте жүрген Төреқұл Айтматов 1937 жылы «халық жауы» ретінде атылып, 170 адамның бірі болып осы таудың белуарында «ортақ» зиратта қалған.
Бергі бейбіт заманда Қырғыз үкіметі сол зиратты сәулеттендіріп, адамдар зиярат ететін мекенге айландырған.
Енді Шыңғыс Айтматов өз әкесінің іргесінде, басқа да «халық жауларымен» қатар жатыр.
Ондай ортақ зираттар Астананың іргесінде де, басқа қалаларда да бар. Бірақ олар имантаразыланып, ретке келтірілген.
Ал Тараздағы азап шеккендер зиратына әзір ондай ишара көрсетілген жоқ. Әйтпесе, дәл осы мүрделі орда Қадір, Қасымбек, Пірнә сияқты біздің ауылға іргелес Шанышқылы ауылының да азаматтары жатыр.
Одан да бір ерекшелігі: осы Қарасу бойындағы «ортақ» орда көмілген азапкерлер арасында атақты ақын, композитор, хас батыр Иман Жүсіп жатыр деген болжам бар.
Ол отызыншы жылдардағы Созақ көтерілісінің басшыларының бірі болған. Көтеріліс күшпен басылғанда, Иманжүсіп НКВД қолына түсіп, атылып, Қарасу бойында қалған деген еміс-еміс дерек бар.
Жаратқан Құдірет имандарын берсін.
Бір кем дүние.

Балақтан кірген аш биттер
Қайран Алматы. Сонау Верный атанған кезеңде Колпаковский есімді генерал-губернатор осы шаһардың бас архитекторы сияқты болған екен.
Көшелері түп-түзу, Тәңіртаудан аңқылдап соғатын самал желге бөгет жоқ. Қаланың табиғи желпуіші.
Арықтары түп-түзу. Салқын су күндіз-түні сылқ-сылқ күліп ағып жатады. Жаныңды жадыратады. Арықтардың жағасында алма, алқоры, алша ағаштары жамиғатқа жеміс сыйлап, құт-береке бесігіндей жайнап тұрады.
1950 жылы мен Алматыға оқу іздеп келгенімде осындай астананы көріп едім. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кетіпті. Қала халқы миллионнан асып жығылды. Қала келбеті өзгерді. Үйлер көбейді. Көшелердің бастары тұйықталды. Енді самал жел қаланы аңқылдап желпімейді. Арықтарда су сылдырап ақпайды. Арықтар бойында жалпы жұрттың несібесіндей болған жеміс те өспейді.
Самал жел орнына — көк түтін.
Сылдыр орнына — шексіз машина ағыны.
Тау бөктерінде қалың қарағай орнына — шыңға өрмелеп бара жатқан коттедждер...
Балақтан кіріп, басқа өрмелеп бара жатқан аш биттер сияқты.
Бір кем дүние.