Әдебиет тарихында Италияның ұлы ақыны Дантенің өмірі туралы аңызға бергісіз әңгімелер көп. Атасының крест жорығына қатысып, қаза тапқаны, оның өз заманының әйгілі шайыры, әрі ғалымы Брунетто Латиниден дәріс алғаны, антикалық және орта ғасырлық әдебиеттен ғана емес, сонымен қатар ғылым саласынан да мол хабары болғаны жайында түрлі хикаялар тілге тиек етіледі.
Сонымен бірге Дантенің өмірде де ақыл-ойы ерте толысты деп айтуға негіз боларлық деректер де бар. Енді ғана тоғызға толған бала күнінде ол мамыр айында өтетін мерекеде көршінің қызы Беатриче Портинариге жан-тәнімен ғашық болып қалады. Өкінішке орай, тоғыз жыл өткеннен кейін Беатриче басқа бір жігітке тұрмысқа шығып кетеді. Бірақ соған қарамастан дүниеден өткенше ұлы шайыр Беатричені жырлап, ол ақынның өмірлік музасына айналды.
Тұрмысқа шыққаннан кейін бірнеше жылдан соң Беатриче кенеттен қайтыс болды. Ал Данте болса Черки партиясының қарсыласы болып табылатын Донатидің қызы Джеммиге үйленеді. Үш перзент сүйеді. Алайда ақын өмір бойы тек Беатричені жырлап, көзі жұмылғанша оны аңсаумен болды.
«Жаңа өмір» деп аталатын алғашқы туындысын да ол Беатричеге арнады. Тіпті Беатриченің сүйкімді бейнесін ұлы шайырдың барлық шығармаларынан кездестіре аламыз, ол оны ылғи да тазалықтың, әдеміліктің, парасаттылықтың, мейрімділіктің символы ретінде суреттейді. Міне, осы жерде біз Италияның ұлы ақыны Данте мен қазақ шайыры Жұматай Жақыпбаевтың тағдырлары мен поэзиясында бір әдемі ұқсастық пен үндестіктің бар екенін айта кеткіміз келеді. Жұматай да өмір бақи Ләйләні жырлады. Ол да Ләйләні тек сыртынан ғана көріп ғашық болып, өмірлік музасына айналдырды. Жұматай үшін де Ләйланың образы әлемдегі ең керемет сұлулықтың символы болып саналады.Данте Беатричеге, ал Жұматай Ләйлаға арнап тұтас бір кітап жазды.
Ұлы ақынның өз елінде қудалауға ұшырағаны да әдебиет тарихынан белгілі. Енді соның себебін тарқатып айтып берейін. Оны түсіндіру үшін сол замандағы Флоренциядағы саяси жағдайға тоқтала кетуге тура келеді. Сол уақыттағы билік гвельфтер партиясының қолында болды. Алайда партияның өз ішіндегі ішкі жағдай шиеленісіп, ақ гвельфтер мен қара гвельфтердің арасындағы теке-тірес шырқау шегіне жеткен еді.
Ақ гвельфтер папаның атынан сөйлесе, қара гвельфтер папа билігінің атынан сөйледі.Данте ақ гвельфтердің жағында болды.Мемлекеттік қызметке де шақырылды, елші болып жүріп папа Бонифацияға қарсы үгіт-насихат жүргізді. Өкінішке қарай бірнеше жыл өткеннен кейін ханзада Карл Валуа Флоренцияны басып алған соң билік қайтадан қара гвельфтердің қолына өтіп, ақ гвельфтің жақтастары саяси қуғынғаұшырады. Ұлы Дантенің сыртынан бірнешеқылмыстық іс қозғалып ол бас сауғалап Флоренцияны тастап кетуге мәжбүр болды.
Отанынан аластатылған Данте Италияның түрлі қалаларында көшіп-қонып жүрді. Тіпті, ел шекарасынан асып кетіп, Парижде тұрған кезі де бар. Ол кезде Данте жұртқа кеңінен танылған ақын болатын. Сондықтан Франциядағы бай-манаптар, билікқұмар тирандар ұлы ақынға қонақжайлық танытып, құрметпен қарсы алды. Соған қарамастан ұлы ақын бөтен елде өмір сүруді қорлық санады. Отансүйгіштік рухынан айырылған эмигранттардың биліктен басқа мақсатыжоқ екенін түсінгенде олармен қарым-қатынасын үзді. Алайда Флоренциядан қуылып, қудалауға ұшырауы Дантенің ұлы ақын болып шыңдалуына зор ықпалын тигізді. Әлемді шарлап, көшіп-қонып жүріп ол неше түрлі алауыздықты көзімен көрді. Италияны ол «әділетсіздік пен өтіріктің ұясы» ретінде көз алдына елестетті. Шағынқалалардың арасындағы теке-тірестер, княздықтардың ұрыс-керісі, шіркеудің қомағай қызметкерлерінің дүниеқоңыздығы елді әбден титықтатып, шаршатып бітірген болатын.Бүкіл Италияда халықтың билікшіл тирандарға қарсы наразылығы күшейіп жатты. Миланда билікке қарсы бүлік басталса, Пьеомонтада шаруалардың көтерілісі бұрқ ете қалды. Қайғы-қасіреттен көзін аша алмай жатқан Италияның тағдырына алаңдаған Дантенің ақындық талантымен қатар қайраткерлігі де шыңдала түсті. Егер осындай үлкен қайғы-қасіретті басынан кешпесе, мүмкін Данте «Құдіретті комедия» сияқты ұлы дүние туғыза алмас еді деп те ойлаймын.
Қаншама ғасыр өтсе де Дантенің «Құдіретті комедиясын» әлі күнге дейін жұрт ыстық ықыласпен оқиды. Бұл шығарманың «Тамұқ» деп аталатын алғашқы бөлімін ұлы ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың қазақ тіліне тәржімалады.Негізі Дантенің «Құдіретті комедиядан» бөлек басқа да жазған шығармалары бар. Алайда әлем әдебиетінің тарихында ұлы ақынның осы шығармасы қалды. Орыс тіліне бұл шығарманы Михаил Лозинский аударды. Лозинскийдің аудармасы маған ұнады. Азды-кемді кемшіліктер бар болғанымен, Мұқағали да «Құдіретті комедияны» ана тілімізге мөлдіретіп, қазақтың төл туындысындай етіп сөйлетті.Сөзіміз дәлелсіз шықпауы үшін, бір мысал келтіре кетейін:
Күн де батты, мақұлықтар тірлігінен енді ада,
Бәрісін де ұйқыға алды, кешкі ауа, кең дала,
Кең далада үйсіз-күйсіз жалғыз қалған мен ғана.
Алда тұрды ауыр шайқас, даярланып қамданам,
Азап-қайғы, ауыр сапар төзейін деп қарманам.
Жалғаны жоқ, есіме алам, жалғыздықтан арланам.
Муза, саған жалбарынам, шақырамын келе гөр!
О, ақылдың қазынасы, дана ойыңнан бере гөр.
Әңгімеме ақылыңнан нұр тамызып, себе гөр!
Менің ойымша «Құдіретті комедияның» ақын Мұқағали Мақатаевтың дүниетанымына зор ықпалы болды. Олай дейтін себебім «Құдіретті комедияның» аударғаннан кейінгі Мұқағали шығармашылығына назар аударатын болсаңыз, бір үлкен өзгерістің болғанын байқар едіңіз. Данте жырларынан соққан қайғы-қасірет дауылының Мұқағали поэзиясына әсері болмай қалған жоқ. Мысалы, Мұқағалидың «Реквием» деп аталатынтуындысынаДантенің «Тамұғын» аударуының қатты ықпалы болған сияқты.
Meн сені сүйгем
Жаныммен сүйгем, Жарық Күн!
Жатсам да сүйем тұңғиығында тамұқтың.
Ақ сәулең сенің аймалап мені,
Жарық Күн,
Тұрған да болар үстінде мынау табыттың.
Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгемін, білгем,
Мен үшін бір күн тынарын.
Тастама мені,
Тастама мені, Шырағым!
Шуағың түссін,
Шөп болып, мейлі, шығамын.
Қомағай көңіл құмартып өткен әр неге.
Тірлікте сонау түскемін талай әуреге.
Кешкен өмір де,
Көрген бақыт та, барлығы,
Жетпейді екен ғой,
Бір күндік сенің сәулеңе.
Бір күндік сәуле...
Бір күндік жарық мекенім!
Мәңгілік түнек - қапасқа қалай кетемін.
Келмейді-ау тілім...
Өлгеннен сұра дер едім,
Тірі жандарға,
Өмір дегеннің не екенін.
Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой.
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі - бөтен ғой,
Өмір дегенің - бір күндік Сәуле екен ғой!..
Тамшыдай ғана, нұрына міне, зарықтым.
Өмір осы екен, сырына міне, қанықтым.
Жаса сен Мәңгі!
Жаса сен Мәңгі!
Жарық Күн!
...Табытпын, табытпын, табытпын...
Ұлы ақын Отанына оралуды өмірінің ақыры, соңғы демі таусылғанша армандады. «Құдіретті комедиясын» жазып біткен күні әлемге танымал ақын болып туған жеріме ораламын, сол кезде елдегілер мені құшақ жая қарсы аладыдеп қиялдады. Бірақ ұлы ақынның арманы орындалмай, қуғында, елінен жырақта Равенде дүние салып, сонда жерленді. Ұзақ жыл өткеннен кейін Флоренция есін жиып, ұлы ақынның сүйегін туған еліне әкелуге әрекет жасады. Алайда Равен үкіметі оның сүйегін беруден үзілді кесілді бас тартты. Дантенің сүйегі әлі күнге дейін Равенде жатыр.