Станиславский: «Сен алдымен өзіңнің бойындағы өнеріңді сыйла. Оны алдымен жылы ұяңнан қанаттандырып ұшыруың керек. Содан кейін сол арқылы биіктікке жететін жолың болады».
Қазақ радиосы «Армандастар» бағдарламасының қонағы - Қазақстанның халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, театр және кино актері Досхан Жолжақсынов қазіргі жас өнерпаздардың өнерден бұрын өздерін сыйлайтынын тілге тиек етті.
«Өнер деген түйенің ботасындай өте қауқарсыз, нәзік, сұлу болып келеді. Өнерге келгенде әр қазақтың даты бар. Бірақ, біз талғам таразы жағынан ақсап жатамыз. Біздің кезең ұлы тұлғалардың кезеңі еді. Біз қаншалықты атақ даңқ алып жатсақтағы, үлкендердің алдында иілуші едік. Олар біз үшін мәуелі қарағайдай еді. Ал, бүгін заман өзгерді. Бүгін біздің жастарымыз өнерден бұрын алдымен өзін сыйлап, өзін қастерлеп, тезірек сол көрерменге көріне бастасақ екен, солардың алдынан ілтипат ала бастасақ екен дейді. Адамды заман билейді демекші, заман өзінің ызғарлы жағын беріп келе жатыр. Бірақ, бұған қарсы тұратын есті азамат, есті өнерпаз. Қалғандары жаңбырдың суымен асфальттің бойында шайылып кете береді».