«Алтын емел» ұлттық саябағына саяхат

«Алтын емел» ұлттық саябағына бірінші бағыт - Басши ауылынан басталады. Жалпы ұзақтығы 100 км. Жүріп өту уақыты 3,5 сағат. Бұл бағытта сіз «Ошақтас», тораңғы тоғайы, Шоқан Уалихановтың бұлағы мен «Айқайқұмды» көресіз. Екінші бағыт – Шеңгелді ауылынан басталады. Жалпы ұзындығы 105 км. Жүріп өту уақыты 3 сағат. Бұл бағытта таңбалы тас петроглифтерін, «Бесшатыр» сақ қорғанын, «Қызылауыс» шатқалынан сарқырамаларды көруге болады.

Қазақ радиосы «Радио саяхат» бағдарламасының қонағы - Жас саяхатшы «Қайнар» сайтының бас редакторы Айнұр Рақышева «Алтын емел» қорығына жасаған саяхаты жайлы айтып берді.

«Біз жалпы бір күнде аралап шықтық. Алдымен Талдықорғаннан Алтын емес асуы арқылы өтіп, Басши ауылына бардық. Содан кейін 2 метр биік тасты стеллалардан тұратын «Ошақтас» деген жерді көрдік. Аңыз бойынша 1219 жылы Орта Азияны жаулап алуға бара жатқан Шыңғыс хан осы жерде ошақ тұрғызып, үлкен қазан қойып, өз әскерлеріне тамақ пісіргізген. Ошақтастан шығып, Тораңғы ағашының тоғайынан өттік. Тораңғы деген ағашты «Шөл даланың падишасы» деп атайды. Оның тамырында 25 литрге дейін су жиналып тұрады екен. Сол су сыртқа шығатын болса, бірден қышқылданып, қамыс бетті болып кетеді екен де, ағаштан қан ағып тұрған сияқты болады.

Одан ары қарай «Айқайқұмға» бардық. «Айқайқұм» кіші және үлкен өзеннің бойында орналасқан. Жалпы алып жатқан жері 240 гектар. Биіктігі 600-650 метрді құм алып жатыр. Кеш болып кеткеннен кейін бірден «Ақтауға» бардық. «Ақтау» - әлемдегі түрлі түсті таулардың бірі. Саяхаттан алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес» - дейді саяхатшы.