Бүркіт, ақсұңқар, қаршыға мен лашындардың айырмашылығы қандай?

Қазақта қыран құстардың төртеуіне де баға берген. Бүркіт – құстың патшасы, ақсұңқар – құстың төресі, қаршыға – құстың ұрысы, лашын – құстың жендеті дейді.

Қазақ радиосы «Табиғат және біз» бағдарламасының қонағы - Қолөнер шебері, үздік бүркітші, құсбегі Абдулкәрім Қошқаров қыран құстардың айырмашылығы жайлы айтып берді.

«Бүркіт, қаршыға бір тектес. Сұңқарлар тегіне ақсұңқар, лашын, ителгі жатады. Ал, қаршыға алған құсын басып алып отырады. Сұңқарлардың бір қасиеті ұшқан құсын теуіп түсіріп барып алады. Бүркіт патша екеніне сөз жоқ. Қаршыға жасырын ұшып, қапыда тиіп алатын құс. Лашындар көкте самғап жүріп, өз жемдіктерін 2-3-еуін теуіп барып алатындар. Бір сөзбен айтқанда қасқыр мінезді. Ақсұңқарды көбінесе төрелер, хандар ұстаған. Ол өте сирек кездеседі. Солтүстік жақтан келеді. Қазақтар «Ақсұңқар неге қонбайсың, дариға-ау, жайған торға» деп армандайды» - дейді құсбегі.