Мәдениеттің мәнді мәйегі – тарихи жәдігерлер

«Қазақ радиолары» ЖШС ҚР Ұлттық музейімен екі жақты ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы Леонид Кочетов «Қазақ Радиоларының» директоры Мәди Манатбекұлымен кездесіп, рухани құндылықтарды насихаттауға арналған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.

Қоғамның қастерлі қазынасы – мә­де­ниет. Ал мәдениеттің мәнді мәйегі – музей. Қазақ радиолары мен ҚР Ұлттық музейінің өзара ынтымақтастық ортанудағы ортақ мақсаты - ұлттық тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесiне қоғам назарын аудару, музейдегі бағалы заттарды, ұлтымыздың танымал тұлғаларынан қалған құнды дүниелерін, ұлттық жәдiгерлерiмізбен олардың тарихын, мән-маңызын көпшiлiк назарына ұсыну.

Бұдан былай тыңдармандар Ұлттық музей мен ондағы құнды жәдігерлер туралы деректерді «Қазақ Радиосы», «Шалқар», «Астана» радиоларынан да біле алады. Бұл туралы ақпараттық-танымдық негіздегі хабарлар Қазақ радиосының "Қайырлы таң, қазақ елі" бағдарламасынан беріліп отырады.