Мейрамханаға бармас бұрын екі сұрақ туындайды: бірі - қандай киім үлгісін кию керек және екіншісі - мейрамханада өзімді қалай ұстау керек. Біз сіздерге бүгін бір сұрақтың жауабын бере аламыз. Назарыңызға мейрамханадағы негізгі 10 ережені ұсынамыз.
1) Қандай үстелге отырасыз?
Мейрамханаға кіре салысымен бірден орынға отыруға асықпаңыз, себебі, ол жерге алдын ала тапсырыс жасалған болуы мүмкін. Сондықтан, мейрамхана қызметкерінен қандай бос орын барын білген жөн.
2) Майлықты қалай қолданған дұрыс?
Тәрелкенің үстіндегі немесе жанындағы майлық киімді дақтардан қорғауға арналған. Әдетте, оны тізенің үстіне төсейді. Қағаздан жасалған майлықпен ауыз сүрткен жөн.

3) Өзіңізді немесе киіміңізді қай жерде қалыпқа келтірген жөн?
Опа-далап қолданғыңыз келсе, киіміңізді жөндегіңіз келсе, оның бәрін дәретханада істеген жөн. Үстел үстінде айнаға тамақ ішіп болған соң ғана қарау керек.
4) Тапсырыс беру реттігі
Әрбір тағамды тапсырыс берерде оның өзіндік реттігі барын ұмытпаңыз. Ең алдымен, суық тіскебасар, бірінші тағам,екінші тағам. Тәтті тағамға негізгі тағамнан соң тапсырыс жасаған дұрыс. Егер тәтті тағам жегіңіз келмесе, тек кофе ішсеңіз де болады.
5) Тағам құрылғыларын қалай қолдану керек?
Егер тәрелкеңіздің жанында бірнеше құрылғылар жатса, тәрелкеден ең алысынан бастап жақынына қарай қолданғаныңыз жөн.
6) Сорпа ішу өнері
Сорпа ішу кезінде қасықты өзіңізге перпендикуляр бағытта ұстап, қасық ұшынан ішкен жөн.

7) Ұялы телефон ұстау әдебі
Ұялы телефон үстел үстінде тұрмау керек.Егер сізге қоңырау шалса, үстел басынан тұрып, сыртқа шығып сөйлескен жөн.
Қайта отырғанда кешірім сұраған дұрыс.

8) Шынтағыңызды қалай ұстайсыз?
Шыңтағыңыз денеңізге тиіп тұру керек, үстел басында білезіктеріңіз ғана көрінгені жөн.
9) Дұрыстап сынаңыз!
Аспазшыны сынамас бұрын, оған қандай кінә арта аласыз, соны білген жөн. Тым тұздалған, ет тағамы дұрыс піспеген болса, аспазшыға немесе мейрамхана әкімшісіне айтсаңыз болады. Тағам көңіліңізден шықпаса, ондай кінә арта алмайсыз.
10) Есепті кім төлейді?
Мейрамханаға шақырған адам есепті төлегені жөн. Егер бөлісіп төлейміз деп келіссеңіздер, қонағыңыз стейк, өзіңіз тек тіскебасар жесеңіз де бөлісіп төлеген дұрыс.
