Екінші әйел алу дұрыс па?

Ислам діні келмес бұрын ер адам қанша әйел алса да ерікті болған. Ал, дін келгелі нақты 4 әйел алуға рұқсат етілді. Сондай-ақ, шариғатта көрсетілген нақты талаптары бар. Содан бері бабаларымыз шариғаттың шарты бойынша 4 әйел алған. Ол заманда көп әйел алуға қоғам қалыпты жағдай ретінде қарағанымен, қазіргі таңда бұл жағдай көп талқыланып, өзекті мәселеге айналып отыр.

Шалқар радиосы «Өнегелі отбасы» бағдарламасының қонағы - 2 әйелінен 8 бала сүйіп отырған ардақты әке Асылбек Жүсіп екінші әйел алудың мән -мағынасын түсіндіріп берді.

«Екінші әйел алу бұл адамның имандығында және еліне деген патриоттық сезімінде. Мысалы, кезінде Ақан сері бабамыз өте кедей болған. Бірақ, әйелі: «Басқалар әйел алып жатыр, бірақ, оларға қарағанда сіз лайықтысыз» дейді. Мұның артында даналық жатыр.
Мен Қырғызстанда Мұсақари деген бір кісіні танимын. Ол кісінің әкесі 95 жасында дүние салған. Бірақ, 87 және 84 жастағы екі әйелі бар. Осы екі кемпірден 16 баласы бар, 16 баладан 184 немере бар, 184 немереден 43 шөбере бар. Бұл бір адамнан тараған ұрпақ. Еліне демографилық жағынан қаншама үлес қосып отыр. Сол себепті адам ең бірінші патриот болу керек» - дейді кейіпкер.