Әлем чемпионатының алғашқы финалисі анықталды

Ресейде өтіп жатқан дүбірлі доданың аяқталуына санаулы күндер қалды. Әлем чемпионатының финалына Франция ұлттық құрамасы шықты.

Шілденің 10-нан 11-не қараған түні «Санкт-Петербург» стадионында Франция мен Бельгия құрамалары финалдық жолдаманы сарапқа салды. 1-таймда француздар қақпаға 11 соққы жасағанымен, оның тек екеуі дәл қақпаға жетті. «Қызыл сойқандар» 58%  уақыт допты иеленгенмен, қарсыластар қақпасын небәрі 1 ғана соққы жасап үлгерген. Ойынның алғашқы бөлігінде есеп ашылған жоқ.

Дидье Дешамның шәкірттері үшін 2-тайм сәтті басталды. Гризманның бұрыштамадан көтерген добына Юмтити сенімді тіл қатып, Францияны алға жетеледі. Бұл голдан кейін Роберто Мартинес алаңға тың ойыншылар шығарды, бірақ, ойындағы өзгерістер еш нәтиже берген жоқ. Қорытынды есеп 1-0. Франция құрамасы осымен 1998 және 2006 жылдардан кейін әлем чемпионатында үшінші рет ақтық мәреге шығып отыр.

Француздар финалда хорватиялықтармен немесе ағылшындықтармен бақ сынасады.