Медицина сапасы жоғары мемлекеттер

Bloomberg агенттігі бірнеше критерий бойынша медицина сапасын анықтайтын рейтинг жасады. Зерттеуге халқы 5 млн-нан асатын, ішкі өнімі бір адамға шаққанда 5 мың АҚШ долларынан жоғары, орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асқан 55 мемлекет қатысты. Зерттеу нәтижесінде үздік жетілікке Гонконг, Сингапур, Испания, Оңтүстік Корея, Жапония, Италия, Израиль кірген. 

Гонконг

Гонконг – денсаулық сақтау жүйесі ең тиімді мемлекет. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 84 жас. Ал, Қазақстанда 72 жас. Гонконг ішкі өнімнің 5,4%-ын медицинаға құяды. Гонконг тұрғындарының денсаулығын бастапқы ем, профилактикалық ем, ұзақ мерзімді емді қажет ететін ауыр науқастармен жұмыс тәрізді денсаулық сақтаудың 3 түрі бойынша қадағалайды.

Жеке медициналық мекемелер алғашқы және орта медициналық көмек көрсетеді. Мемлекеттік клиникалар дәрігерлердің барлық қызметін ұсынады. Сондай-ақ, кейбір ауру түрлеріне арнайы мамандандырылған клиникалар бар.

Швеция

Бұл мемлекетте салық өте жоғары. Үкімет азаматтардың медициналық шығынының 97%-ын соның есебінен төлейді. 

Испания

Медициналық қызмет жұмысшылардан түсетін жарна есебінен толық қаржыландырылады. Тегін медициналық қызмет алуға испандықтардың 93%-ның құқығы бар. Сондай-ақ, тұрғындар кез-келген дәрігерді өзі таңдай алады. 

Австралия

Медициналық шығынның 75%-ын федералды үкімет қаржыландырады. Бір қызығы, бұл елде тіс еміне және жедел жәрдемге қаржы бөлінбейді.

Ұлыбритания

Барлық медициналық шығындарды үкімет өз мойнына алған. Мемлекетте «Әр адам өз денсаулығына жауапты» деген ұстаным қалыптасқан. Мұндағы ауруханалар кезек көп болғандықтан жеңіл сырқаттың барлығын қабылдай бермейді.

Ал Қазақстанда медицинаға 2017 жылы 924 млрд, 2018 жылы 955 млрд теңге бөлінген. 

Ақпарат Қазақ радиосының «Өз сөзім» хабарында айтылды.