Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ!

«Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ,

Сүйемін жерімді абат, елімді азат.

Жолыңа жаным пида, тума мекен,

Бір саған бағышталған пейіл таза, ақ!»


Қазақ радиосындағы «Сәуле ғұмыр» хабарының кезекті санында Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаевтың өлеңдері оқылды.

Ар мен ұжданды, ұлтына деген адалдықты ту еткен ақын ғұмырының соңына дейін өзіндік қағидасынан айнымады. 20 жасында жарық көрген алғашқы жыр жинағының «Ар» деп аталуының өзі көп нәрсені айқындап тұрғандай. Оның тұнық, өршіл өлеңдері оқырманды жайбарақат қалдырмай, үлкен ой тастайды, жан сезімін тебірентеді.

Қуандық Шаңғытбаевтың «Өлеңдер», «Аққу әні», «Ар ма, республикам», «Жыр жаһаны», «Саршатамыз», «Жыл құсы», «Махаббат пен ғадауат» жыр жинақтары жарық көрген. Қ.Байсейітовпен бірге «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай», «Құтырғаннан құтылған» пьесаларын жазды. А. С. Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.В.Гете, Р.Бернс өлеңдерін, О.Хаямның рубаяттарын қазақ тіліне аударған.

Тау тұлға Бейсембай Кенжебаев, Әбу Сәрсенбаев, Мұхтар Әуезов секілді ел ағаларынан тәлім алған.

«... Осындай аға жазушылармен күнде көрісіп, сағат сайын сөйлесу мен сияқты жер түбінен келген «боқмұрынға» үлкен мектеп болғаны кімсанаға да түсінікті болар. Олардың әдемі әңгімелері, әдепті әзіл-қалжыңдары, сыпайылығы мен сырбаздығы болашағы беймәлім балаң жігіттің мінез-құлқына игі ұрығын тастап кетпегеніне кім кепіл? Әсіресе, Мұхтар ағамен «Абай» романына байланысты өткізген кездеріме ешқандай қымбат баға жетпес еді. Жұмыс бөлмесінде, дастархан басында ол кісі айтқан әңгімелер мен үшін университет дәрісіне ұқсайтын», - деп жазады ақынның өзі.

 

Мен – қазақ!

Мен – қазақ! Тал бойымда – қазақ қаны,

Кеудемде – мейірбанды қазақ жаны;

Салдыртып сар белінде Сарыарқаның

Жаңғыртып салған әнім – қазақ әні.

Мен – қазақ! Жалқы емеспін, сүйеуім бар,

Ағайын, нағашым бар, жиенім бар,

Қандасым, жандасым көп жүз халықта,

Бәрінен келінім бар, күйеуім бар.

 

Мен – қазақ! Қымбат маған бабам жері,

Тырналар қиқу салған самал көгі,

Бедер жоқ айдынында айнадайын,

Ақ алқа айналайын шаған көлі,

Алатау, Ақ Жайықтың қалың нуы,

Қария Қара Ертістің ағын суы.

Ыстық қой қона кетер көкейіме

Ордалы ормандардың сарын-шуы.

 

Жұтқанда жанға дауа желім ыстық,

Қиырсыз Бетпақдала шөлім ыстық,

Шаңғытып шаңдағында шапқан талай

Боз дария бетегелі белім ыстық.

Сен десем, туған елім, бар ма тағат!

Өзің деп өтіп жатыр барша сағат.

Білемін сынамал дос бауырыңды,

Жауыңды кеткен талай аңша талап.

 

Ойқастап құба жонда салған сүрен,

Азнатып толқын жалды мінген күрең.

Білемін ел қорғаған ерлеріңді,

Мақтан ғып есімдерін елеп жүрем.

 

Арқада аққан сел боп жасты білем,

Шұбырған ақ табан боп ашты білем,

Қан иісі қолқаны атып, Аңрақайда

Жер қапқан атанәкес қасты білем.

 

…Мақтанам, ұлыңмын деп сенің, қазақ,

Сүйемін жерімді абат, елімді азат.

Жолыңа жаным пида, тума мекен,

Бір саған бағышталған пейіл таза-ақ.

 

Орыстың орманында, қан майданда

Қаһарман кәрі дәстүр қалған жайда.

Мен сені жүрмін қорғап аждаһадан…

Перзентің сәл қартайып қалғандай да.

 

Ел даңқы, Көсем-Отан – жаныма пір.

Сене бер, түспек емес арыма кір.

Біздерге кездесу жоқ дұшпан барда,

Байтағым, барғанымша сағына тұр.

 

Мен – солдат, тағдыр тартқан сыбағам сол,

Түн қатып жүрмін, намыс сынаған соң.

Аяма ақ батаңды, асыл елім,

Арманым – бақыт қана, сұраман сор.

 

Бұл кездің дәстүр-даңқын ғасыр жаттар,

Жә, хайыр, жазық жайлау, жасыл бақтар.

От барда өзегімде өтем сен деп,

Туған ел, мен қазақпын атыңды ақтар.