«Қазақ радиолары» ЖШС Астананың 20 жылдығына орай 18-35 жас аралығындағы ақындардың қатысуымен «Елбасы және елорда» атты радиомүшәйра ұйымдастырған болатын. Мүшәйраның мақсаты – Астананың әлемдік қоғамдастық алдындағы абырой-беделін және егемен еліміз үшін геосаяси маңызы мен алар орнын, даму сатыларын өлеңге арқау ете отырып, Елбасының ерен еңбегін көрсету. Сол арқылы елді, жерді, Отанды құрметтеудің үздік үлгісін өскелең ұрпақ санасына сіңіру. Тәуелсіз Қазақстанның керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын биіктеткен Елбасының еңбегі мен жас қаланың 20 жылдық мерейтойын қаламгерлер өлеңге арқау етті. Мүшәйраға 100 ақын қатысып, 300-ге жуық өлең түсті. Осылайша, егемен елдің тəуелсіз жастары елорданың мерейтойына жырдан шашу шашты.
Комиссия мүшелері радиомүшәйраға қатысқан ақындардың өлеңдерін сараптап, өз бағаларын берді. «Комиссия мүшелерінің пікірін қолдаймын. Барлық ақынның өлеңін мұқият оқып шықтым. Кейбіріне таңдай қақсам, енді бірінен ұйқас көрмей, идея таппай қиналдым. Нұрбек Кеңесбайұлының «Тарих һәм елтұтқа» атты өлеңі ұнады. Бұл ақын жырауға бергісіз екен. Тілі өте шұрайлы. Астананы ғаламның сегізінші кереметіне теңеген Мұқағали Сейтқазының өлеңі де жақсы. Біздің мақсатымыз – көптің ішінен бір мықтыны анықтау. Арман Шеризат деген ақынның «Бозоқта боз жусанның иісі бар» атты өлеңі көзге ерекше түсті. Бұл ақын өлеңнің техникасын меңгерген, ұйқасы тиянақты, сөздік қоры бай, ең бастысы, қазақ тарихын біледі. Өлеңі І орынға лайық деп ойлаймын», деді «Қазақ радиолары» серіктестігі бас директорының орынбасары Әзімхан Аусатов.