«Қыр баласы қол созады аспанға...»

Ол аспанға қарап қол созған қыр баласы еді. Небәрі 45 жасында ұйықтап кетті де, оянбай қалды. Алайда оның адамдық ғұмыры бітсе де, ақындық ғұмыры жүректердің төріне тұрақтаған ән-жырымен жалғасып келеді. 


Қазақ радиосындағы «Сәуле-ғұмыр» хабарының кезекті саны, кеудесіндегі «сағат-ғұмыры» тоқтаса да, есімін өшпестей етіп, жүректен шыққан жырларымен қашаған қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың шығармашылығына арналады.


Табылды Досымов – қазақтың тұңғыш бард ақыны 1965 жылы 15 шілдеде Атырау облысы Индербор кентінде дүниеге келді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі. «Жанарымның жарқылы» (2000), «Ұнатамын мен сені» (2002) жыр жинақтарының, сондай-ақ, «Жайықтың толқындары», «Табылдың әні» ән мәтіндері жинақтарының авторы.

 

Сарайшық

Көңілім ауып осынау ғаріп қалаға,

Түбінде жатқан түмендей тас тұмандардың.

Сарайшық барсам, сартап мұң сарып санама,

Бабалар қолын созады астынан жардың.

Бабалар қолын созады жардың астынан,

Жайратқан неткен, япыр-ай, қара күш едік.

Ызыңдап жеткен алыстан қаңғыбас бір ән,

Шер болып менің кеудемде алады шөгіп.

Шер болып менің кеудемде шөгіп алады,

Қаңғыбас бір ән қайырылып, қиырға кеткен.

Кеңірдегімде олардың қолы қалады,

Зәзузаттарынан зарығып мейір дәметкен.

Мейір дәметкен зарығып зәузаттарынан,

Тексіз ұрпақтан болғасын бабалар ада.

Шығандап кетіп, оқимын аулақта Құран,

Бетімді беріп бейкүнә мола – қалаға.

Сарайшық барсам, зұлымдар қиратқан алып,

Сүйектер қалған көмусіз қатарға беттей.

Тұншығып жатам түсімде зиратта қалып,

Сол құрбандардан арылып, шаһарға жетпей...


Шекарадағы күз

Жапырақтар...

Желге ұшқан жапырақтар,

Сағынышты солдаттың хатын ап бар.

Мәрт табиғат білдіріп күз келгенін,

Жер бетіне жіберіп жатыр ақпар.

Жауады жапырақтар...

Жасыл бақты, жайқалған даладағы,

Сұрсыз әлем келеді тонағалы.

Күздің қоңыр белгісін шекарадан,

Өткізбеуге солдаттың жоқ амалы.

Толғатады дүние, толғатады,

Мұңға толы неліктен солдат әні?!

Табиғаттың киіп ап сұр шинелін,

Бір қоңыр күз келеді Жерге тағы...

 

Жаңбыр жауса,

Қататындай Алматы үн,

(Көкірегіне қалдырыпты мәңгі атын)

Мұңданады туған жерден кете алмай,

Тұлданады жетеріне жете алмай,

Шырмалады жер-шідерге сорлы ақын.

Алматысыз жетпейтіндей бірдеңе,

Қайғы-құмда қайырлауда жыр-кеме.

Тума бауыр тапса-дағы көңілін

Торығумен өткізуде өмірін

Туған ауыл дейтін «Ұлы» түрмеде...

Арман ойы болғанменен мәңгі ұлы,

Алматымен тоқайласпай тағдыры.

Кеселі көп, нөсері жоқ өлкеде

Сағыныштан жан-жүрегі өртене

Жанарының тыйылмайды жаңбыры...

 

 Нүкте

Үтірмен сені бітірдім,

Бітірмей, жырым, нүктемен.

 Бергі жағында нүктенің

Өлең – өмір тұр бітпеген.

 

 Шабыстан шабыт, талмасаң,

Көбейер жырдың қатары.

Мәндірек болар әрқашан,

Мәңгілік сана сапары.

 

Тылсым жыр атты орманда,

Ойлы өлеңдерге шеп құрып.

Асқақ Алатау арманға,

Алқынбай жау – тектілік!

 

– Осылай деуді құп көрдім

Оқырман, сен қой нүктесін.

Адамдық ғұмыр біткен күн,

Ақындық ғұмыр бітпесін!