«Кетермін, артымда сөз, әнім қалар...»

Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасы аса бай. Ол поэзия, проза, аударма, тарих, трактат саласында еңбек етіп, Абай дәстүрінде демократтық-халықтық, гуманистік-халықтық бағыт ұстады.

 

Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ақын, ғұлама, ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлы бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Шыңғыс тауының бөктерінде 1858 жылы 11 шілдеде дүниеге келді. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар» шежіресі, «Мұсылмандық шарты» кітабы 1911 жылы Орынборда, «Қазақ айнасы» өлеңдер жинағы, «Қалқаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек» поэмалары 1912 жылы Семейде басылып шықты.

 

«Сәуле-ғұмыр» хабарының кезекті санында заманында айтқан даналық сөзі бүгінгінің жолбағдарына айналған ғұламалардың бірі–Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңдері оқылды.

 

«Біреудің мінін кешірсең...»

Біреудің мінін кешірсең,

Саған да құдай кешеді.

Бәрін де қылмай есірсең,

Төбеңді әлі-ақ теседі.

 

Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін тағдыр шешеді.

Рахымсыз, пейлі жаманның

Орны дайын деседі.

 

Мен досыңмын, жау емес,

Еліре берме, қайта ту.

Жүрегім дертті, сау емес,

Сол себепті сөзім – у.

 

Ащы деп алмай қоймаңыз,

Аңсағанда, керек су.

Абайлап артын ойлаңыз,

Алды ғой алдап өңкей қу.

 

**********************

Айна қойдым алдыма,

Көрейiн деп өзiмдi.

Екi құлақ тарс бiтiп,

Шел басыпты көзiмдi.

 

Иiс бiлер мұрын жоқ,

Таза ақылдан ырым жоқ,

Түзелерлiк түрiм жоқ,

Жалған деме сөзiмдi.

 

Ақ ниетiм бұрын жоқ,

Жүрегiмде нұрым жоқ,

Жасыратын сырым жоқ,

Айтпай арам безiмдi.

 

Жалғыз менi деме қор,

Менi көр де, сене көр,

Сен де емессiң менен зор,

Дәл мен деп бiл өзiңдi.

 

Адамның бәрiн елесе,

Аламын деп iрiсiн,

Бәрi өтедi әрi қарай,

Сен де соның бiрiсiң.

 

Електе қалмас бiр адам,

Не ғылымды, не надан.

Бiз сияқты барша жан

Сорға сатқан ырысын.

 

Ындыны таза ешкiм жоқ,

Сыртында май, iшiнде оқ.

Түп қарыны толған боқ,

Жасырып жүр мұнысын.

 

******************************

Кетермін, артымда сөз, әнім қалар,

Кейінгі жастар оқып ортаға алар.

Бірі жөн, бірі теріс айтыпты деп,

Таласып өздерінше сынға салар.

 

Табиғи заң – өткенді жаңа сынау,

Жаманынан жиреніп, жақсыны ұнау.

Дәлелдеуге өлген соң келмес тілім,

Тірлігімде айтатын сөзім мынау:

 

Сынау қыйын біреудің жайын білмей,

Кетпе өмірін, ортасын көзіне ілмей.

Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,

Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.

 

Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,

Қанды опқын, қатты толқын қара түнде.

Заманым заманыңа сәйкес келмес,

Сынап көр сол қайыққа сенде мін де.

 

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.

Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,

Сонда анық білерсің кімдігімді.

 

********************************

Шарлайсың, ойым, шарлайсың,
Алыстан менi барлайсың.
Таяу тұр ажал алдыңда,
Сарынға салып сарнайсың,
Мақсұтың не ендiгi?

Бостандық таңын көргенiм –
Кемелiме келгенiм.
Қорқытпайды менi ажал,
Арман емес өлгенiм,
Кейiтер iстiң кемдiгi.

Қалған қараңғыда елiм,
Ойлап толғаумен

сынатұғын менiң белiм.
Бұл алтын таңның атқан нұрынан,
Тұр есе ала алмай ерiм.

Қазақтың жайнар даласы,
Жетiлер оқып баласы.
Шошытатын менi сол –
Олардың күндес, таласы,
Дағдысы сiңген бойына.

Тастаңдар күндес, мақтанын,
Көрген соң таңның атқанын,
Ел бастайтын жастарым,
Жөн емес жай жатқаның,
Нұр құймай елдiң ойына,

Баста адал жолға елдi!
Еңбек жанатын заман мынау, ерлерiм келдi,
Қош, арманым жоқ‚ жұртым, жасарсаң,
Мен сапар шегем ендi!

 

*************************************

Бiлiмдiлер сөз жазып, зарлағанда,
Ой кезiп, жердiң жүзiн шарлағанда,
Алдаусыз адам өмiрiн түзетерлiк
Әдiлет, ынсап, мейiрiм бар ма адамда?
Әйтпесе мәз боп жүр ме қиянатқа,
Зорлықпен бiрiн-бiрi жалмағанға.
Мен адамнан таза ақыл таба алмадым,
Ойланып, өзеленiп, қармағанда.
Көрсеқызар, жалмауыз, бәрi алдағыш,
Көп адамның қылығын барлағанда.
Өнерпаз, бiлiмдi елдiң мiнезi осы –
Аяу, жәрдем, махаббат қалмаған ба?
Немесе бұлар бұрын жоқ болса да,
Әншейiн бар деп бiздi алдаған ба?
Көрiнер ғылымды елдiң сырты таза,
Тексерiп терең ойға салмағанда.
Ақымақ пен айуанның иiсi аңқиды,
Iстерiн әбден сынап талдағанда.

Кей-кейде: «Түзелейiк, кел»,– деседi,
Кешiкпей соғыс ашып, белдеседi.
Айласы артық, қаруы сайы жеңiп,
Мақтанып: «Бар ма бiздей ел?» – деседi.
Тамам жан өзiн-өзi «мен» деседi,
Өзгелердi жатырқап «сен» деседi.
«Бiз» дейтұғын бiр елдi таба алмайсың,
Бұл қайтiп әдiлетпен теңдеседi?

Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр,
Бiрiн-бiрi шұқылап қылды жауыр.
Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ,
Бұл сөзiм талай жанға тисе де ауыр,…

 

**********************************

Ақылдан ойға сыр тарап,
Үмiттiң шамы жанған күн,
Жар есiркеп берi қарап,
Нұрына жүрек қанған күн.
Ескi иманды отқа өртеп,
Асыл иман алған күн,
Асық жарды таптым деп,
Хақиқатқа нанған күн.
Саяз ойлы сыншылдың,
Қаруы адыра қалған күн.
Кеудесi тар күншiлдiң,
Үмiтiн өрт шалған күн.
Жар нұрына мас болып,
Жаралы жүрек талған күн,
Баянсызға қас болып,
Аққа көңiл салған күн.
Тауып алып тiлектi,
Ұстап тұрып бiлектi,
Саналы шерлi жүректi,
Сары алтынға малған күн.