Бақыт қайдан келесің?

Қазақ радиосындағы «Сәуле-ғұмыр» хабарының кезекті шығарылымында жаужүректігі, батырлығы үшін халық арасында «Қабан жырау» атанған Қабылиса Асанұлының даналыққа толы жырлары оқылды.  

 

Қабан (Қабылиса) жырау Асанұлы (1733-1824) - XVIII ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдан шыққан аса көрнекті қайраткер. Өр мінезімен, өжет батырлығымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған. Ол ел басшылары Ескелді, Балпық билермен қатар «әулие» деген атқа ие болған. Жыраудың еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге айналған.

 

Бақыт қайдан келесің?
– Бақыт қайдан келесің?
– Берекесіз адамнан,
Ата-анасы наданнан,
Үркіп, қашып келемін.


– Бақыт қайдан келесің?
– Мақтанып көңілін өсірген,
Білгішпін деп есірген,
Есірік ұлдан келемін.


– Бақыт қайдан келесің?
– Сүйектен сөзін өткізген,
Миына шатақ еккізген,
Кесепат қыздан келемін.


– Бақыт қайдан келесің?
– Ата-анаға жақпаған,
Өтірік, бәле жаттаған,
Келіннен қашып келемін.

– Бақыт қайдан келесің?
– Ораза, намаз оқымас,
Алланың атын тоқымас,
Бейнамаздан келемін.

– Бақыт қайдан келесің?
– Еріне тілін тигізген,
Тозаққа өзін күйгізген,
Биапар жаннан келемін.

 

– Бақыт қайдан келесің?
– Сыйламаған көршісін,
Ұрыспен алған еншісін,
Сұмдардан қашып келемін.

Бақыт қайда барасың?
– Бақыт қайда барасың?
– Ата-анасын сыйлаған,
Ұйымшылдық ойлаған,
Тату жанға барамын.

– Бақыт қайда барасың?
– Өсірген жақсы баласын,
Сыйлаған ата-анасын,
Көргенді ұлға барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Бал-бұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті,
Берекелі үйге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Еш адамды күндемес,
Өсек отын үрлемес,
Әдепті үйге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Ұлы, қызы есейген,
Ауызбіршілік күшейген
Келінді үйге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Сыйлай білген молданы,
Діннің жолы қорғаны
Шуақты үйге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Көршімен болған бірлігі,
Тағат, ғибадат тірлігі
Ұйымшыл елге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Тарауық намаз оқыған,
Көңілге аят тоқыған,
Ниетті елге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Намазға қатар отырған,
Тарауығын оқыған,
Тыңдағалы барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Сәресі сахар ішетін,
Хақ жолына түсетін,
Сәресі ішуге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Балбыраған бесікті,
Қайыры бар есікте,
Балалы үйге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Келін мен қызы ибалы,
Ата-анасы сыйлалы,
Сондай үйге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Туысымен татулы,
Жаман сөз жоқ шатулы,
Ынтымақты үйге барамын.


– Бақыт қайда барасың?
– Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан-асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын.

 

*********************

Тіл алсаңдар, шырағым,
Өсек сөзді елеме.
Үйір болғын, шырағым,
Жақсы сөзге өнеге.
Тіршілікте сыйласқын
Дүние қайтып келе ме?
Дүниеге сенім жоқ,
Мінерсіз бір күн кемеге.
Айтар әркім білгенін
Сөз ғып оны немене.
Қағыспай халқым тек жүрсін
Онан пайда өне ме?
Өсек-аяң сөз болса,
Жуытпағын денеңе.
Әділдің озар адымы,
Адал жан шығар төбеге.
Тентек адам шыға алмас,
Төбе түгіл сөреге.
Біреуге адам ор қазса,
Өзі түсер өреге.
Не болса соны ілік қып,
Жүгінбеңдер төреге.
Әділетті төре жоқ,
Түсетін шөре-шөреге.
Ақынның елі сондай деп,
Үлгісі жақсы қандай деп,
Болыңдар елге өнеге.
Елім-жұртым сізге айтам,
Бірлікті бол, шырақтар.
Бірлікті жерде ризық көп,
Ол адам елге тұрақтар.
Ауызбірлік бар жерде
Жететұғын мұрат бар.
Ауызбірлік жоқ жерде
Қиянатты қият бар.
Ұяттың иман қабы дер,
Имандыда ұят бар.
Көпшілікке жаққан жан,
Басына жаққан шырақ бар.
Фани тұрмақ бақида
Мінетұғын пырақ бар.
Ешкімнің хақын жемеңдер.
Артында оның сұрақ бар.
Әділетсіз адамда
Ұяты жоқ қият бар.
Ісі адал адамға
Шығатұғын қырат бар.
Ісі арам адамдар
Қашақтап, қорқып, жырақтар.
Ақылы жоқ адамдар
Тентектің сөзін қуаттар.
Ақылы бар адамдар,
Бал бастаудан суаттар.
Тыңдаңыздар, ағайын,
Жекжат пенен жұраттар.
Түзелер заман кейінде
Бұл сөзімді бейімде.
Кейінгі қалған ұрпақтар,
Заманға жақсы тұрақтар!

 

**********************

Атадан асыл тусақ та,

Ата жолын қусақ та.

Кейінгі ұрпақ келбетін

Көрер ме едік бір саққа.

 

Соның реті келгендей,

Тұлпарым сар желгендей.

Қара үзіп шыққан Қабанмын,

Қалайда қалам тебіренбей.

 

Жер ойпаңы білінбес,

Ебін тауып үй тіксе.

Ел ойпаңы білінбес,

Еліне сай ұл туса!

 

Бірлік тербеп бесікті,

Жауға ашпай есікті,

Қазақ елі көктесін,

Шыңға шығып кесікті.

 

А, құдайым оңдасын,

Оңдағанның белгісі,

Күн нұрындай арайлап,

Бақ пен дәулет орнасын!

 

Ақсұңқар күш алыбың,

Аршынды болсын алымың.

Алтын ерлі ақ боз ат,

Астыңызда арысын!

 

Абырой бер, аман сақта,

Оттан, судан сақта.

Қыдыр қолдасын,

Бақыт заман орнасын!

 

Өркенді болыңдар,

Өмірлі болыңдар.

Әрқашанда осындай

Тойлы да, ойлы болыңдар!