Қуыршақ театры бүлдіршіндерді жазғы демалыста қойылым көруге шақырады

Алматы қаласының «Мемлекеттік қуыршақ театры» КМҚК республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. 1935 жылы ашылған театр жұмысын таяқ қуыршақтан бастаған. Қазіргі таңда заман ағымына сай күрделі марионекалармен өнер көрсетуде. Сонымен қатар, өнер ордасы соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі құралдармен жабдықталған.

 

Бүгінде рухани қажеттілігін өтеп отырған 83 жылдық тарихы бар ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білу.

 

Әлемдік бәсекеге сай, жан-жақты, рухани тұрғыдан бай, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында Мемлекеттік қуыршақ театры тікелей атсалысуда. Өнер ұжымы 82-маусымнан бастап, кезекті еңбек демалысына шықпай, жазғы демалыста қала бүлдіршіндері мен қонақтарының назарына түрлі қойылымдар ұсынып, бос уақыттарын театрда өткізуі үшін еңбек жасап жатқанын хабарлаймыз.