Түйенің төлін алу аса
қиын. Боталарды екі-үш ай бойы ешкімге көрсетуге де болмайды.
Қазіргі уақытта аса маңызды мәселенің бірі - ойсылқараның санын молайту.
Бұл туралы профессор Орынбасар Төребеков Қазақ радиосындағы «Алматы түні»
бағдарламасында айтты.
«Түйе - физиологиясы ерекше, шөлге төзімді мал. Оның шұбаты адам денсаулығына өте пайдалы. Сондықтан, түйе шаруашылығын дамытуға мықтап кіріскенбіз. Осыдан 2-3 жыл бұрын студенттерімді Маңғыстау облысы Шетпе ауылына жібердім. Олар біраз тәжірибе жинақтап қайтты. Сүтқоректі жануарға жылдың мерзімі, сусыз жүруі барлығы әсер етеді. Түйенің күйлеуі 1 айға дейін созылады. Сол 1 айда түйе шағылысқа 1-2 рет түссе, онда ол өте нәтижелі болады. Сондықтан, мамандар осы жағдайды жақсы қадағалау керек. Осыдан 20-30 жыл бұрын біздің кафедрада Рақымжанов деген ағамыз түйені қолдан ұрықтандыру әдістерін ойлап тапқан. Оны өндіріске енгізген болатын. Бірақ, қазір онымен ешкім айналыспайды», - дейді Қазақ Ұлттық аграрлық университеті «Акушерлік және хирургия» кафедрасының профессоры Орынбасар Төребеков.