Ұлттық музейде «Үшқоңыр» көрмесі ашылды

Көрме  Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған өлкесі Үшқоңыр елдімекеніне арналды.

Келушілердің назарына 16 суретшінің 20-дан астам еңбегі ұсынылды.

Қылқалам шеберлері шығармаларына  Елбасының туып өскен жерін, отбасын, еңбек жолын арқау еткен. Сонымен қатар, суретшілердің туындыларында олардың  Отанға деген сүйіспеншілігі, махаббаты көрініс тапқан.

 «Үшқоңыр алмалары» деп аталатын майлы бояумен салынған картинам бүгінгі көрмеге ілініпті. Өзім алматы қаласының суретшісімін. Бұл еңбегімді бас қаланың мерейтойына тартуы деп есептеймін.  Тұңғыш Президент болған соң оның өмірбаянын, туып өскен жерін бейнелеу оңай шаруа емес. Туындыны салуға біршама уақытымды жұмсадым. Ойландым, толғандым, іздендім. Екі-үш ай уақыт ішінде картинаны салып шықтым»,- дейді суретші Мұхтар Сыздықов.

Көрме қабырғасына ілінген туындылар бұған дейін «Үшқоңыр» кітабында жарық көрген болатын.

Айта кетейік, өткен жылы «Үшқоңыр» кітабының тұсауы кесілген. Оқулыққа Елбасының жүрекжарды тебіреністері мен туған жеріне деген ыстық махаббаты жайлы қанатты сөздері енген еді. Сонымен қатар, жинақ қазақстандық суретшілердің туындыларымен безендірілген.