«Ұлы Дала рухы» фестивалі аясында теңге ілу мен жамбы атудан іріктеу өтті

Астанадағы «Қазанат» атшабарында ШҚО спортшыларының «Ұлы Дала рухы» фестивалі аясындағы жамбы ату мен теңге ілу бойынша іріктеу сындары өтті. 

Теңге ілуден бірінші орынды Қарағанды облысының командасы алса, екінші орынды павлодарлықтар иеленді, үздік үштікті Алматы облысының жігіттері түйіндеді. Жамбы атудан бірінші орын – ШҚО командасының еншісінде. Екінші орын қарағандылықтарға бұйырса, үшінші орында – Алматы облысы. 

Асық ату, тоғызқұмалақ, көкпар, қазақ күресі бойынша іріктеу сындары Павлодар қаласында ұйымдастырылады. Естеріңізге салайық, ұлттық спорт түрлері бойынша «Ұлы дала рухы» фестивалі еліміздің төрт облысында үш ай бойы өтеді. Фестивальдің финалдық кезеңі Астана қаласында ұйымдастырылады. Сонымен қатар, 14 тамызда «Қазанат» атшабарында 15:00-де аударыспақ бойынша іріктеу жарыстары өтеді.  

«Теңге ілуге  Қарағанды облысында ұстаздарым дайындады. Барлық ережелерімен таныстырып, қандай уақытта өтетінімнің барлығын үйретті. Осы байқауда бірінші кезеңде екі теңге ілдім, екінші кезеңде бір теңге ілдім. Бас жүлде алғанымызға қуаныштымыз»,- дейді  «Бас жүлде» иегері Айдархан Абдрахманов.