Қазақстан халқы 18, 27 млн адамға жетті

Қазақстан халқының саны 2018 жылы 1 шілдеде 18 млн 272,4 мың адамды құрады. Өсім 2017 жылдың 1 шілдесімен салыстырғанда 238 мың адамға немесе 1,3%-ға өскен. Бұл туралы  stat.gov.kz сайты хабарлайды.

 

Қала тұрғындарының жалпы саны 10 млн 529,1 мың адамға жетіп, жалпы халық  санының 57,6%-ын құрады. Қазақстанда 7 млн 743,3 мың адам (42,4%) ауылдық жерлерде тұрады.

Қаңтар-маусым аралығында 2018 жылы 1 жасқа дейінгі 1626 сәби шетінеген (өткен жылы 1605). Биылғы жылдың алғашқы жартысында сәби өлімінің коэффициенті 1000 сәбиге 8,44-ті құрады. Сәби өлімінің басты себебі перинаталдық кезеңде туындайтын жағдайлар болып отыр. Алты айда 782 сәби шетінеген (былтыр 793). Бұдан бөлек тума ауытқулар (328), тыныс алу жолдарының аурулары (124) және жазатайым оқиғалар (73) да сәби өліміне себепші болуда.

Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында Қазақстанға келушілердің саны 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,5%-ға қысқарып, кетушілердің саны 14%-ға артты. ТМД елдерінен келгендердің саны жалпы көрсеткіштің 77,2%-ын, ал достастық елдеріне кеткендердің саны 89,7%-ын құрады. Ел ішіндегі көші-қон көрсеткіші 15%-ға қысқарды. Өңіраралық көші-қонның оң сальдосы еліміздің бес өңірінде: Шымкент (43 493 адам), Алматы (16 943), Астана (5073) қалаларында және Маңғыстау (601), Атырау (34) облыстарында байқалды.