Балаларға арналған 3D кітаптар жарық көреді

Қазан айында Қазақстанда балаларға арналған 3D кітаптар тұңғыш рет жарық көреді. Бұл туралы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры міндетін уақытша атқарушы Нұржан Жолдыбалинов хабарлады.


        «Қазір аудиокітаптармен жұмыс істеудеміз. Ұлттық академиялық кітапханада дыбыс жазу студиясы ашылды. Көптеген шетелдік аудиокітаптарды қарап шықтық, олардың кейбірін тыңдап, ұйықтап кетуге болады. Біз 3D технологиясын енгізу арқылы аудиокітаптар жасағымыз келеді. Яғни, ат шабатын тұсты оқығанда бала аттың шабысын естиді, сол сияқты, керек жерде желдің дыбысын қосамыз»,-деп түсіндірді Нұржан Жолдыбалинов.

 

Оның айтуынша, бұл кітаптар баланың танымын кеңейтеді. Дыбысты есту арқылы баланың қиялына қанат бітіруге болады.

 

«Қазір дыбыс жазу жұмыстарын атқарып жатырмыз, жобаны қазан айында таныстыру жоспарланған. Әзірге бес ертегі жазылды. Бұл біздің алғашқы жобамыз, кейінірек «Бабалар сөзі» сынды ауқымды кітаптарды қолға аламыз»,-деді Нұржан Жолдыбалинов.

 

Айта кетейік, Нұржан Жолдыбалинов – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.