Биыл Астанада 18 мың бала 1-сыныпқа барады

Жаңа оқу жылында Астанада 18 мың бала 1-сыныпқа барады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Ануар Жанғозин мәлімдеді.

 

«Соңғы екі жылда e-astana арқылы балабақшаларға 43 мыңнан астам жолдама берілді. Оның 23 мыңы 2018 жылдың І жартыжылдық көрсеткіштері бойынша. Яғни, жыл сайын аталған жүйені қолданатын ата-аналар саны артуда. Өткен жылы 20 мың жолдама берсек, биыл жарты жылдың өзінде көрсеткіш артып отыр», - деді Жанғозин.

Басқарма басшысы берген мәліметке сәйкес, 2018 жылы қалада 480 орынға арналған 2 мемлекеттік балабақша ашылды.

 

«Бұл №94 Сұңқар және №95 Алматы балабақшалары. Алматы балабақшасына балаларды қабылдау қыркүйекте басталады. Қазіргі уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 720 орынға арналған екі балабақша салынып жатыр. Сонымен қатар, Ұлттық компаниялар тарапынан 720 орынға арналған тағы 2 балабақша тұрғызылуда. Олардың барлығы 2019 жылдың соңына дейін іске қосылады», - деді мекеме басшысы.

 

Брифнг барысында мәлім болғандай, жаңа оқу жылында астаналық балалар қалалық, республикалық және жекеменшік бағыныстағы 105 мектепте білім алады.

 

«Астаналық мектептерде 155 мыңға жуық бала оқиды деп жоспарланып отыр. Соның ішінде, 18 мың бала – 1-сынып оқушылары. Бұл әзірше болжамды ақпарат. Балалардың нақты саны қыркүйекте белгілі болады. Сондай-ақ, 1-сыныпқа баратындардың ішінде 6 жастағы балалар саны бұл көрсеткіштің шамамен 20%-ын құрайды», - деді Жанғозин.

 

Фото: ашық дереккөзден