Астанада бірнеше мектеп пен колледж латын әліпбиіне көшеді

Астананың 5 мектебі мен 3 колледжі латын әліпбиіне пилоттық режімде көшіріледі.

Елорданың білім беру саласындағы өзгеріс туралы Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин тамыз кеңесінде мәлімдеді.

Оның айтуынша, Астанада мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған сыныптарды ашу көзделіп отыр. Жобаның негізгі идеясы орыс тілінде білім алатын сыныптарды кезең-кезеңмен мемлекеттік тілдегі сыныптарға айналдыру.

Бұл өзгерістер Астана әкімінің тапсырмасының негізінде №60 мектеп-лицейінде және  қыздарға арналған «Білім инновация» лицейінде енгізілетін болады.

«Жалпы, Астана қаласы барлық пилоттық жобаларға бірінші болып қатысады. Біздің ұстаздар әрбір өзгерістер мен жаңашылдыққа тез бейімделеді. Осы жылы елордалық білім ордаларында жүзеге асырылатын бірнеше пилоттық жоба бар. Мысалы, электрондық оқулық пайдалану екі мектепке енгізіледі. Астананың 5 мектебі мен 3 колледжі латын әліпбиіне пилоттық режімде көшіріледі», - деді ол.