Эмир Байғазин 75-ші Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» (Горизонты) бағдарламасында «Үздік режиссер» жүлдесін жеңіп алды.
«Өзен» («Река») фильмінің әлемдік тұсаукесері 4 қыркүйекте өтті. «Көкжиектер» атты конкурстық бағдарламаға отандық фильмнен басқа, кинематография саласы дамуының жаңа тенденцияларын ұсынған 18 авторлық туынды қатысты.
«Өзен» фильмін Торонто кинофестивалінде таныстыру үшін Канадаға кеткен Эмир Байғазин марапаттау рәсіміне қатыса алмады.
Айта кетсек, Эмир Байғазин бұл фильмнің сценарий авторы, режиссері, қоюшы операторы, продюсері, сонымен қатар, картинаның монтаж жұмыстарын да өзі жасаған. Трилогияның соңғы бөлімінің (трилогияның алғашқы екі бөлімі – «Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») және «Төрт оқиға» («Раненый ангел») фильмдері) жарыққа шығуына ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, Польшаның кино институты және Sorfond (Норвегия) атсалысты.
Фильмнің әлемдік тұсаукесерінен кейін Батыстың бірқатар басылымдары «Өзен» фильмі туралы жарыса жазып, оң пікірлерін білдіріп жатты:
Hollywood Reporter:
«Эмир Байғазиннің стилін фильмнің әр кадрынан байқауға болады. Композициясы өте үйлесімді, оның образдары үйдің интерьерінде, ауылдық экстерьерде, тіпті экпанситві сұлу табиғат аясында да өте орынды. Режиссер алғаш рет фильмнің қоюшы операторы ретінде бақ сынады. Картинаның кең кадрлары динамика көзқарасымен қарағанда шебер түсірілген, ал кейіпкерлер рольдерді шынайы сомдаған.
«Өзен» – арт-хаустан тыс, жұмбаққа толы саяхаттың тартымды образы. Визуалды жағынан өте керемет және гуманистік зерттеулерге де бай туынды».
Screen Daily
«Режиссер Эмир Байғазиннің Аслан туралы Трилогиясының («Уроки гармонии» 2013 және «Раненый ангел» 2016)соңғы бөлімі – «Өзен» фильмі қысым көрсету мен босатылудың оқиғасын баяндайтын, көрерменнің көңілін арбайтын фильм. Тәуекелге бел буып, еркін ойлайтын авторлық кино дистрибьюторларын шақыратын ұстамды және қатал мінезді туынды.
Эмир Байғазиннің кинематографиялық стилінде жеке бостандық, еліктіру және отбасы қарым-қатынасы сұрақтарын зерттейтін баяндаудың жасырын мағынасы бар».
Cineuropa
«Өзен» фильмі Көкжиектер» бағдарламасындағы ең визуалды эстровагантты туынды. Бұл фильм Эмир Байғазиннің батыл режиссер екенін тағы да дәлелдей түсті».
«Сценарист, режиссер Эмир Байғазин өзін алғаш рет қоюшы оператор ретінде таныстырып отыр. Оның қолында камера – композицияны ерекше сезетін визуалды инструментке айналады. Фильмнің образы – шынайы өмір мен мифология әлемінің арасындағы оқиға тәрізді.
Естеріңізге сала кетсек, Эмир Байғазиннің дебюттік жұмысы «Асланның сабақтары» фильмі Қазақ кинематографиясы тарихында тұңғыш рет 63-ші Берлин кинофестивалінің негізгі байқауына іріктелініп, «Үздік оператор» номинациясында «Күміс аю» жүлдесімен марапатталды (2013). Трилогияның екінші бөлімі – «Төрт оқиға» фильмі де Берлин кинофестивалінің «Panorama Special» бағдарламасы шеңберінде алғаш көрсетілді (2016). Биылғы жылдың тамызында Эмир Байғазин Румынияда өткен «Anonimul» кинофестивалінде «Кино саласының дамуына қосқан үлесі үшін» арнайы жүлдесімен марапатталды. Айта кетсек, осы фестиваль шеңберінде режиссердің ақ-қара түсте түсірілеген «Жұлдыздарды көргіңіз келе ме?» фильмінің тұсаукесері өткен болатын.