Жылу жүйесі қашан іске қосылады?

Күз келіп, суық түскелі қала тұрғындары «Жылуды қашан береді, коммуналдық қызметтер оны неге дәл қазір іске қоспайды?» - деген сауалдар жаудыруда. Бұл сұраққа Астана әкімдігінің ресми сайты жауап берді. Бүгінде Астана жылу маусымына 97% дайын.

- Біз күн райы мен бекітілген стандарттар бойынша жұмыс істейміз. Елордадағы жылу беру маусымын бастау ережесі бойынша ауа температурасы бес тәулік ішінде +10 °С және одан төмен болған жағдайда ғана жылу жүйесі іске қосылады. Бірінші кезекте, балабақша, мектеп және ауруханалар сияқты әлеуметтік маңызы бар ғимараттар жылумен қамтамасыз етіледі.

- Жылу жүйесін іске қосу күрделі технологиялық процесс. Арнайы нормаларды сақтамау – жылу жүйесіндегі техникалық апатқа, үзіліске немесе инженерлік-техникалық құралдардың істен шығуына әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан да жылу жүйесін іске қосу процесі кестеге сәйкес жүзеге асырылады.

- Егер, сіздің пәтеріңіз көршіңіздікіне қарағанда суық болса, бұл терезелер мен есіктердің дұрыс орнатылмағанына байланысты. Соның әсерінен, пәтердегі жылудың 30-40%-ы далаға кетеді. Жылуды ұстап тұратын есік пен терезе сапалы болса, аталған мәселе 1,5 есеге азаяды.

- Астанада 2 414 көпқабатты тұрғын үй орталық жылу жүйесіне қосылған. Олардың 2 261-і алдағы жылу маусымына дайын. Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бас қаладағы тұрғын үйлердің 94%-ы жылу маусымына әзір.

- Аудандар бойынша: Алматы ауданы – 712 көпқабатты үйдің 654-і (92%), Есіл ауданы – 444 көпқабатты тұрғын үйдің 417-і (94%), Сарыарқа ауданы – 819 үйдің 809-ы (99%), Байқоңыр ауданы – 439 үйдің 383-і (87%) жылу маусымына дайын.