Халқымыз байырғы заманнан жан мен тәннің саулығын басты орынға қойған. Сол себепті «бірінші байлық – денсаулық» деген. Халықтың денсаулығы – еліміздің белсенді дамуына, экономикасына, әсіресе әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда еліміз соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық жағынан көптеген жетістіктерге жетті. Денсаулық сақтау саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде медициналық-демографиялық бағытта да оң өзгерістер жүзеге асып жатыр.
Мемлекет медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесін басқару және қаржыландырудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын кезең-кезеңімен енгізуді қамтамасыз етуге кірісті.
Кез келген дамыған мемлекетті мысалға алсақ, алдымен денсаулық сақтау саласын жетілдіруге тырысады. Ал, дамыған 50
мемлекеттің қатарына қосылуды меже тұтқан Қазақстан үшін бұл кенжелеп тұрған саласының бірі екені жасырын емес. Осы саланы дамыту үшін көптеген мемлекеттік бағдарламалар әзірленді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі еліміздің медицина саласын дамытуға бағытталған 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» жаңа мемлекеттiк бағдарламасын іске қосты. Жаңа мемлекеттiк бағдарламаның маңызды бағыттары – аурулардың алдын алу мен оны ескерту және алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейiнде ауруларды басқару бағдарламасын енгiзу. Министрліктің мәліметінше, 2017 жылдың қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 72,41 жасты құрады, өлім-жітім – 2,6%-ға, нәресте өлімі – 6,4%-ға, ана өлімі – 5,5%-ға, туберкулезден өлім – 11,8%-ға, қатерлі ісіктерден – 5,7%-ға, жазатайым оқиғалардан қаза болу 8,7%-ға төмендеген. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін шетелдік медициналық ұйымдармен де байланысты нығайту көзделген.
Денсаулық саласын дамыта түсу жайын Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да басып айтты. Ондағы 7 негізгі бағыттың бірі– «Үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт». Онда халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшетінін айтып, ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектің сапасын көтеру, қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру, онкологиялық аурулардың алдын-алу жұмыстарын белсендету, медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы қайта даярлаудан өткізу секілді міндеттемелер қамтылған.
Сондай-ақ, гиппократқа ант бергендер «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде біртіндеп электронды жүйеге көшуде. Атап айтқанда, азаматтар электронды төлқұжатпен жеке кабинетке кіріп дәрі-дәрмектерді алғанын растай алады. Сонымен бірге, диагностикалық зерттеулердің нәтижесін көре алады. Алайда, цивровизация бағдарламасының ауыл-аймақтарда орындалуы әзірге тиісті деңгейде емес. Кең жолақты интернетпен елді - мекендердегі емдеу мекемелерінің тек 32%-ы қамтылған. Бірақ, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 93%-ға дейін жеткізу көзделген. Соңғы кезде медициналық оқу орнына түсушілер саны да артып келеді. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Алайда, саны көп, сапасы жоқ дәрігерлер көбейіп кетпей ме, деген сұрақ туындауы да мүмкін.
Жалпы, денсаулық сақтау саласының көңіл көншітпейтін жағдайлары да бар. Мысалы, дәрігерлердің біліктілігіне күмән келтіретін қайғылы жағдайлар да жоқ емес, жіберілген дәрігерлік қателіктерге дәрігерлердің жауапкершілігінің төмендігі, олардың кінәсін дәлелдеп, жауапқа тартудың қиындығы. Медицина саласына бiлiктi кадрлардың жетіспеуі. Әсіресе, ауыл-аймақтарда ауруханалардың әлі де қажетті құрал-жабдық, жаңа техника, медициналық аппараттармен жабдықталмауы, ондағы кәсіби мамандардың жетіспеуі; медицина кызметкерлерінің жалақысын көтеру, әлеуметтік қамтылу; мемлекеттік медициналық басқару ұйымдарындағы жемқорлықты болдырмау; Ғылыми ізденістерді қолдау, яғни, ғылыми ізденістер нәтижелері өз елімізде сұранысқа ие емес. Сондай-ақ, мамандардың пікірінше, кадрлық әлеуетте де алаңдатарлық жайт аз емес: медицинаның майталман мамандары қартайып барады, ізін басушылар қатары болса, қараң-құраң.
Денсаулық жүйесін реформалау ешқашан тоқтамайды. Алайда, мамандардың айтуынша, осы салада салмақты аудит жоқ. Отандық медицина ғылымының олқылықтарымен күресе отырып, медициналық ғылым мен инновацияны басқарудың тиімді, жаңа әдісін іздеп табу керек. Медицина саласы кемшіліктерді біртіндеп жойып, медициналық жоғары сапаға көшсе, қызмет көрсету сапасын арттырса, еліміздің әлеуметтік ахуалы әлдеқайда жоғары болып, дамыған мемлекеттердің санатына қосылуға бір табан жақындай түсер едік. Ол үшін ақ халатты абзал жандарымыз осы жолда аянбай еңбек етіп, әр ісіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.