Альварес Головкиннен жеңіп алған чемпиондық белбеуінен айырылды

Мексикалық кәсіпқой боксшы Сауль «Канело» Альварес (50-1-2, 34 КО) орта салмақта Геннадий Головкиннен жеңіп алған Халықаралық бокс ұйымының (IBO) чемпиондық атағынан айырылды. 

Қазақстандық боксшымен болған жекпе-жектен кейін «Канело» орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық белбеулерін иеленген. Алайда, кейін белгілі болғандай, мексикалық боксшы Халықаралық бокс ұйымына чемпиондық белбеу үшін жарна төлемеген. Нәтижесінде, IBO тұжырымы бойынша чемпиондық белбеу иесіз қалып отыр.

Геннадий Головкин IBO чемпионы атағын 2011 жылы америкалық Лахуан Саймонды бірінші раундта нокаутқа түсіріп, жеңіп алған еді. Одан бергі 7 жылда бұл атағын 17 рет сәтті қорғады. Халықаралық бокс ұйымы (IBO) – кәсіпқой бокстағы беделді төрт ұйымның қатарына енбейді. Яғни, WBA (Super), WBO, WBC және IBF ұйымдарынан кейінгі орында. Осы төрт ұйым белбеуін иеленген боксшы абсолютті чемпион атанады. Қазіргі таңда атақты боксшылардың арасында британдық Энтони Джошуа да ғана IBO чемпиондық атағы бар.