Алматыда Қысқы Универсиада-2019 алау эстафетасының кезеңі өтеді

Қыркүйектің 20-ы Италияның Турин қаласында 2019 жылы өтетін қысқы Универсиаданың алауы жағылады. Оның ұйымдастырушысы Халықаралық студенттер спорты федерациясы (FISU). Ал, қыркүйектің 24-і күні қысқы Универсиада алауын XXVIII-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада астанасы болған Алматы қабылдап алады, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.    

Универсиаданың алау ұстаушылары Балуан Шолақ атындағы спорт сарайынан бастап Республика сарайына дейін жүгіріп өтеді. Олардың қатарында FISU президенті Олег Матыцин, Қазақстан студенттер арасындағы ұлттық спорт қауымдастығының президенті Қайрат Закирьянов, боксшы Қанат Ислам, футзалшы Дінмухамбет Сүлейменов, альпинист Мақсұт Жұмаев және т.б.

Алматыдан кейін алау эстафетасын 2009 жылы 26 қыркүйекте өткен XXVI-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың астанасы Харбин қабылдайды.

Ал, қыркүйектің 29-ы күні алау эстафетасының Ресейдегі кезеңі басталып, сол елдің 30 ірі қаласы эстафетаны қабылдайды. Спорттық шара 2019 жылдың 1 наурызына дейін жалғасып, студенттер ойындарының астанасы Красноярскте аяқталады.

Бұл Универсиадаға әлемнің 50 елінен келетін спортшылар 11 спорт түрінен 76 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олар биатлон, шорт-трек, керлинг, таушаңғы спорты, шаңғы жарысы, сноуборд, шаңғымен спорттық бағдарлау, мәнерлеп сырғанау, хоккей, допты хоккей және фристайл спорт түрлерінен өзара мықтыны анықтайды.

Универсиада 50 жылдан астам уақыт өткізіліп, халықаралық кешенді спорттық жарыстарының арасында екінші дәрежеде тұрған шара болып саналады. Ол ойындар FISU қолдауымен өткізіліп тұрады. Ең алғашқы ойындар 1959 жылы жазда Туринде (Италия) өткен.