«QAZSPORT» дзюдодан Әлем чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді

Қыркүйектің 20-27 аралығында Әзірбайжан астанасы Бакуде дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Додаға 130 елден келетін 800-ге жуық дзюдошы 14 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.  

Әлемдік додада ел намысын ерлер арасынан – Ғұсман Қырғызбаев (60 кг), Ерлан Серікжанов (66 кг), Жансай Смағұлов (73 кг), Бекәділ Шаймерденов (73 кг), Азиз Қалқаманұлы (81 кг), Дидар Хамза (81 кг), Ислам Бозбаев (90кг), Виктор Демьяненко (100 кг), Ерасыл Қажыбаев (100 кг), ал, әйелдер арасынан – Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг), Севара Нишанбаева (57 кг), Ақниет Тұрдан (63 кг), Аэлита Щербакова (70 кг), Ажар Салықова (70 кг), Зарина Райфова (78 кг), Гүлжан Исанова (78 кг), Камила Берліқаш (78 кг) қорғайды. 

Айта кетейік, Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, әлем чемпионы атанған спортшыға әлем рейтингінде 2000 ұпай, күміс жүлдегерге 1400, ал қола жүлдегерге 1000 ұпай қосылады. Сондай-ақ, Әлем чемпиондарына 26 мың евро, күміс жүлдегерге 15 мың еуро, ал қола жүлдегерге 7 мың доллар сыйақы беріледі. 

Аталған бәсекені «QAZSPORT» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.