Спортшылар арасында «жеңіліс» деген түсінік жоқ

«Жеңіліс - ол көрермен арасындағы пікір. Ал, әлемдік деңгейге жеткен спортшылардың арасында ол тәжірибе деген түсінікпен сай келеді. Сол себепті Головкин де психологиялық соққылардың бәріне дайын деп ойлаймын. Дайын болмаса, ондай деңгейге жетпес еді», - дейді кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев Қазақ радиосының «Армандастар» бағдарламасына берген сұхбатында.

«Көрермен арасында «жалғыз Генамыз ғана туымызды әлемдік аренада көтеріп жүр еді» деген сөз тарап жатыр. Қай елдің жастары мықты болса, сол елдің спорты мықты. Ал, біздің бокста Генаның орнын басамын деп жүрген жігіттер көп. Бірақ, қолғабын шегеге іліп жатқан Гена жоқ. Үшінші жекпе-жек те болуы мүмкін. Бокс тарихына қарайтын болсақ, әлемді шулатқан Мұхаммед Али, Майк Тайсон да өз кезеңінде жеңіліс тапқан. Бір рет емес, бес-алты рет. Бірақ, сол жеңгендердің аты емес, Тайсон мен Алилердің аттары есімізде», - дейді спортшы.