Көрікті дүние көз тартар

Қарағандыда «Жаз энергиясы» атты граффити шеберлерінің байқауы өтті. Бұл сайыста Қазақстан мен Ресейден келген 13 граффитші бақ сынады.  

Сайыс шарты бойынша үміткерлер байқауды ұйымдастырушы «Қарағанды Жарық» компаниясына тиесілі 27 трансформаторлық бекетті безендірді.

Биылғы байқаудың негізгі тақырыбы «Астана – арман қала» болды. Сонымен қатар, суретшілер «Электр қуаты қауіпті!», «Қиял әлемі – мен стиль сыйлаймын», «Футболдан әлем чемпионаты», «Қарағанды Жарық» – 15 жыл бірге» атты тақырыптар бойынша да өз туындыларын қазылар алқасының назарына ұсынды. Нәтижесінде, байқауға бес бірдей жұмыс ұсынған Павлодарлық Владимир Зубко бас жүлде иегері атанды. Жеңімпазға қала әкімінің алғыс хаты мен 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Сондай-ақ, Кереку өңірінің басқа да суретшілері олжалы болды. Атап айтқанда, Руслан Каримов бірінші, ал, Василий Вдовин екінші орынды жеңіп алды.


Компания басшысы тағайындаған арнайы жүлде Астана қаласының өкілі Диас Әубәкіровке бұйырды. Жергілікті «Қарағанды Жарық» компаниясы «Жаз энергиясы» байқауын 2011 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырып келеді.