СДУ бүркітші қыз Айшолпанға білім грантын ұсынды

Дүние жүзінде ең жас құсбегі атанған Айшолпан Нұрғайыпқа СДУ жоғарғы оқу орны білім грантын ұсынды.            

Мұндай шешімді Сүлеймен Демирель атындағы университеттің басшылығы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтың Айшолпанға «қалаған отандық оқу орнына түсуге қолдау көрсетіледі» деген ұсынысына байланысты қабылдады.

«Қазақ халқының құсбегілік өнерін әлемдік аренада кеңінен насихаттап, отандық этномәдениетке елеулі үлес қосқан үшін Айшолпан Нұрғайыпқа Сүлеймен Демирель атындағы университетінің грантын тағайындаймыз. Әрине, қандасымызға әлемнің үздік университеттері ұсыныс білдіргені үлкен мақтаныш. Алайда, дарынды жастарға қолдау көрсету, олардың отанға деген сүйіспеншілігін арттыру және білімін шыңдап, еліне елеулі қызмет атқаратын азамат етіп тәрбиелеу – басты мүддеміз»,-дейді СДУ ректоры Қанат Қожахмет.


Айта кетейік, Айшолпан туралы бірнеше фильм түсірілді. Бүгінде ол Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» деген маратпатқа ие болды. Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген қазақ қызының құсбегілік өнері жайлы АҚШ режиссері Отто Белл өзінің деректі фильмінде көрсетті. Қазір 16 жасар бойжеткенді әлемнің белді жоғары оқу орындары – Гарвард пен Оксфорд білім алуға шақырған. Алайда, Айшолпан отандық оқу орнын таңдады.