Төлеген Мұхамеджановпен кездесу өтеді

Биылғы жылдың 17 қазанында Астанадағы «Қазмедиа орталығының» Конференц-залында қазақтың көрнекті сазгері әрі қоғам қайраткері Төлеген Мұхамеджановпен кездесу өтеді.

70 жылдық мерейтойына орай сазгер Мәскеудегі ең ежелгі «Музыка-П.И.Юргенсон» баспасында шығарылған ең ауқымды туындысы – «Махамбет» симфониялық поэмасының партитурасын жұртшылыққа таныстырады. Айта кетерлігі, 150 жылдық тарихы терең бұл атақты баспада әртүрлі жанрдағы көптеген музыкалық туындылар, музыка тарихы жайлы кітаптар басып шығарылды.

Сондай-ақ, кездесу кезінде Төлеген Мұхамеджановтың аспаптық композициялардан тұратын «Өмір өзені» атты жаңа альбомының таныстырылымы өтеді. CD-дисктің мастерингін жасаумен Sterling Sound атты әлемдегі ең үздік дыбыс жазушы студиясы (АҚШ) айналысты. Сонымен қатар, Т. Мұхамеджанов 2017 жылы Мәскеуде Жан Луна деген лақап атпен шығарылған поэзиялық шығармалары мен прозасының екі томдығын таныстырады.

Сазгердің танымал әндері мен фортепианалық миниатюраларынан тұратын екі ноталар жинағын таныстыру ән сүйер қауым үшін тосын сыйға айналары сөзсіз. Жинақтар әнқұмарлардың өз үйінде музыка ойнауы үшін арналған, сондай-ақ, музыкалық оқу мекемелерінің студенттері оны оқу материалы ретінде қолдана алады.