Әжелер ұрпақ тәрбиесіне жауапты

«Әже – алтын қазына. Мен халықтық педагогиканың жемісімін, әже тәрбиесінің жемісімін»,- дейді журналист, педагог Сайраш Әбішқызы Қазақ радиосының «Әжемнің әңгімесі» хабарына берген сұхбатында.

«Мен Рахима әжемнің үш ұлының үлкені Әбіш әкемнің 42 жасында туған тұңғышымын. Әжем «тұңғышымнан көрген тұңғыш немерем» деп мені 8 айлығымда бауырына салып алған. Содан 15 жасыма дейін әжемнің бауырында өстім. Мені ешқайда жібермейтін, бірге жүретінбіз. Аяғы жетпейтін жерге – аяғы болдым, қолы жетпейтін жерге – қолы болдым. Сол себепті мен ерте есейдім.

Әжемнен дастархан жинауды үйрендім. Ол «Дастарханды жинамай кетуге болмайды, дастархан өкпелейді» деп жиі айтып отыратын. Мен осы уақытқа дейін отырған жерімде «дастархан өкпелейді» деп айтып отырамын. Көбісі «артынан жинап аламыз, қоя салшы» десе, мен «жоқ» деп міндетті түрде астан кейін жинап қоямын. Мұның бәрі тәрбиенің арқасы.

Әжемнің бауырында өскеніме өзімді бақытты санаймын. Әжелердің ұрпақ алдындағы міндеті – ұрпақтың адал болып өсуіне, отансүйгіш болуына, қазақ халқын, ана тілін сүйіп өсуіне өз септігін тигізу.

Ғылымның биігі – академия, өнердің биігі – классика. Қазақ тілін академиялық, классикалық, бір қазақты бір қазақ түсінетін ортақ тіл болып дамыған ғажайып қазынамыз деп білемін. Бұл әже тәрбиесінен бойыма сіңген қасиетім. Сондықтан, біз – әжелер ұрпағымыздың жақсы болып өсуіне жауапты екенімізді ұмытпауымыз керек», - дейді ұстаз .

Журналист, педагог Сайраш Әбішқызының әжесінен бойына дарыған тәрбиелік әңгімелерін хабардың аудионұсқасынан тыңдай аласыз.