Қазіргі жастарға сенесіз бе?

Ұлттың ары дегенде алдымен ойымызға тіл мен діл, әдебиет пен тарих, дін мен дәстүр секілді көнермес құндылықтар оралады. Ғасырлар сынынан өтіп, өміршеңдігін сан рет дәлелдеген сол қастерлі құндылықтарымыздың қазіргі халі нешік? Қимасын құрбан ете жүріп құндылықтарын қорғаған қаһарман ұлттың бүгінгі буынының аңсары қандай? Қазақ радиосындағы «Арсауға» хабары осы сұрақтарға жауап іздейді.  

Хабардың «Сұрақ-жауап» айдарына келіп түскен сауал: «Мен жастарға сенемін» деп жазған еді Мағжан ақын. Одан бері көп дүние өзгерді. Сіз бүгінгі жастарға сенесіз бе?

Аға буынның іні буынға сынмен әрі сеніммен қарауы – жазылмаған заңдылық. Адам болмысында бар мінез. Осыдан екі мың жыл бұрын жазылған жәдіргерлікте «заман азып барады, жас үлкенді сыйламайтын болды» делінген екен. Бірақ, одан бері де көп уақыт өтті, жүзінде ибасы, жүрегінде иманы бар жастар әлі де аз емес. Әр кезеңнің өз қиындығы, өз қайғысы, сонымен қатар, жаңалығы мен жақсылығы да бар. Кезең-кезеңмен рух та жаңғырып, адами ізгі қасиеттер қайта түлеп, бой көтеріп отырады. Кей жағдайда ол азғындай бастаған қоғамға деген наразылықтан туса, кейде адам болмысына етене тән руханилыққа деген құлшыныстан туындайды. Біреуде аз, біреуде көп болар, бірі аңғарса, енді біреуі мән бермес, бірақ, бұл үдеріс адам бойында, адамзат қоғамында үздіксіз жүреді.

Толық ақпарат хабардың аудионұсқасында.

Сурет 365info.kz сайтынан алынды.