Шалқар радиосының журналисі бас жүлде иеленді

Темірбек Жүргеновтың 120 жыл, Ілияс Қабыловтың 115 жыл, Ұзақ Еспановтың 90 жылдық мерейтойларына орай, Жалағаш ауданының «Алтын дəн – 2018» мерекесінің аясында «Ұлт келбетін ұлықтаған тұлғалар» атты республикалық ақындар айтысының бас бəйгесін Нұрмат Мансұр иеленді. 

Айтысқа еліміздің барлық өңірінен ақындар қатысқан он екі ақынның ішінен Рүстем Қайыртай бірінші орын, Айбек Қалиев екінші орын, Мұхтар Ниязов үшінші орынды қанжығалады. Айтысты М.Мақатаев сыйлығының екі дүркін иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер Жүрсін Ерман жүргізді. Алмас Алматов, Елена Əбдіхалықова, Бекарыс Шойбеков, Серік Ыдырысов, Мамыр Байдəулетовтер қазылық жасады.


Нұрмат Мансұр 1985 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Сәкен Сейфуллин ауылында дүниеге келген. Бірнеше дүркін халықаралық, республикалық айтыстардың бас жүлдегері. Қызылорда облысы деңгейіндегі «Айтыстың дарабозы» номинациясының «Сыр үміті» сыйлығының иегері. Сондай-ақ, қазақтың айтыс өнерін насихаттау мақсатында Түркия, Франция, Өзбекстан Республикаларында өнер көрсеткен.


Ал 2014 жылдың сәуірінен бастап «Шалқар» ұлттық арнасында редактор-жүргізуші қызметін атқарып келеді. Бүгінде радиода «Сөз патшасы». «Айтыс ақтаңгері» хабарларының және «Айтыс» бағдарламасының жүргізушісі.