Өскемен көшелерінің тарихи атаулары қайтарылды

Өскемен қалалық әкімдігінде қала көшелерінің атауын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдау өтті. 

Күн тәртібіне облыс орталығындағы бірнеше көшенің атын ауыстыру туралы мәселе қойылды. Октябрь көшесіне Мұхаметжан Тынышпаевтың, Революционная көшесіне Қалихан Ысқақтың, Дзержинский көшесіне Әміре Қашаубаевтың, Орджоникидзе көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтің, Куйбышев көшесіне Нарын атауын, Калинин көшесіне Шыңғыстау атауын беру туралы ұсынысты қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдап, республикалық ономастикалық комиссияның қарауына жіберді.

Атауы өзгерген көшелердің ішінде кеңестік кезеңнен қалған ескі атаулармен қоса тәуелсіздік жылдарында қайта аталған көшелер де бар. Қалада екінші дүниежүзілік соғыс батыры Ізғұтты Айтықовтың атында екі бірдей көше бар екені айтылып, оның біріне Асар деген қазақтың киелі атауы берілді. Ал 2002 жылы атауы өзгерген Головков көшесі араға 16 жыл салып Бейбітшілік деген атауға ие болды.