«QAZAQ RADIOLARY» серіктестігінің қызметкерлері марапатталды

Желтоқсан айының бірінші күнін қазақстандықтар Тұңғыш Президент мерекесі ретінде салтанатпен атап өтеді. Жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгерген атаулы күн қарсаңында «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин «Қазмедиа орталығында» бір топ журналистерді алғыс хаттармен марапаттады. 

Қай тақырыпқа болмасын еркін қалам тербеген журналистер қауымы халыққа өмірдің өнегесін жеткізіп, кемшілігін көрсетіп келеді. Елбасы саясатын дұрыс түсіндіретін де, әр күннің тыныс-тіршілігін бақылап, қоғамдық ойдың ортақ пікірін қалыптастыратын да журналистер қауымы. Мемлекеттік бағдарламалардың жүйелі жүзеге асуына да сүбелі үлес қосуда. Яғни, журналист қашанда қоғамның бел ортасында, әр жаңашылдықтың қасында және әрдайым жұмыс басында. Тұңғыш Президент күні қарсаңында «QAZAQ RADIOLARY» серіктестігінің қызметкерлері де марапатталды.

  «Алтын қордың» фонотека редакторы Айгүл Әнуарбекқызы «Астана 20 жыл» мерекелік медалімен наградталса, «Шалқар» радиосының журналист-редакторы Сәрсенғали Әлімханұлына алғыс хат берілді. Ал, жаңалықтар қызметінің тілшісі Ольга Шестопалова «Құрмет грамотасымен» марапатталды.

«QAZAQ RADIOLARY» ЖШС атынан біз де алғысымызды білдіреміз.