2018 жылдың 7-ші желтоқсанында сағат 15:00-де Астана қаласындағы «Хан Шатыр» ОСО-да Бүкіл әлемдік ЖИТС-пен күрес күніне арналған кең ауқымды акция өтеді.
Акцияға ҚР Мәжіліс депутаттары, эстрада жұлдыздары және Олимпиада чемпионы, ЮНЕЙДС-тің АИТВ бойынша Қазақстандағы арнайы елшісі Бақтияр Артаев қатысады.
«Өз мәртебеңді біл!» акциясына қаланың барлық тұрғындары шақырылады. Акция барысында барлық келушілер АИТВ-ға экспресс-тестіден өтуге мүмкіндік алады. Қорытынды акцияның ерекшелігі экспресс-тестілеу жаңа әдіс бойынша жүргізіледі. Яғни, тұрғындар қан тапсырмай-ақ, сілекей арқылы өз АИТВ мәртебесін біле алады.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласында 1997 жылдан бері 1443 АИТВ-инфекциясы тіркелді, оның ішінде осы жылдың 9 айында 150 жағдай.
Акция ұйымдастырушылары: Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы.